Павлодарда «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында киберқауіпсіздік саласына арналған конференция өтті. Жиында сарапшылар, құқық қорғау органдарының өкілдері және IT саласының мамандары интернет-алаяқтыққа қарсы күрес жолдарын және жеке деректерді қорғау мәселелерін талқылады.

Бүгінде киберқауіптер күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналды. Жеке мәліметтердің таралуы, мемлекеттік және өндірістік жүйелерге жасалатын шабуылдар жиілеп келеді. Сондықтан цифрлық қауіпсіздік мәселесі өзекті тақырыпқа айналды.

Андрей Троян, ақпараттық қауіпсіздік бойынша бас маман

Бүгінгі конференция киберқауіпсіздік тақырыбына арналды. Негізгі мақсат – интернет-алаяқтықтың алдын алу, халық арасында киберқауіпсіздікті қалыптастыру. Шараға жүзден астам адам қатысады деп жоспарланды. Спикерлер қатарында экономикалық тергеп-тексеру департаменті, облыстық полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы бөлімі бар.

Мамандардың айтуынша, цифрлық жүйелердегі осал тұстар көбейіп келеді. Ал шабуыл түрлері күрделеніп, қолжетімді бола түскен. Қауіп тек ірі ұйымдарға ғана емес, қарапайым қолданушыларға да төнуде.

Алдияр Дүйсен, кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығының инженері

Қазіргі таңда қауіптер шынайы сипат алды. Біздің орталық мемлекет пен өндіріс саласын хакерлік шабуылдардан қорғаумен айналысады. Өткен жылы өндірістік басқару жүйелерінде 2500-ге жуық жаңа осалдық анықталды. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары көрсеткіш.

Сондай-ақ, сарапшылар заманауи технологиялардың, оның ішінде жасанды интеллекттің, тек қорғаныс құралы ғана емес, киберқылмыс жасауға да қолданылуы мүмкін екенін атап өтті.

Дархан Мустафин, ақпараттық қауіпсіздік оперативтік орталығының қызметкері

Бұл – өте маңызды мәселе. Әсіресе компания қызметкерлері мен жастар үшін. Себебі жасанды интеллекттің дамуына байланысты түрлі шабуылдарды жүзеге асыру бұрынғыдан да оңай әрі қолжетімді бола түсті.

Құқық қорғау органдары интернет-алаяқтық деректерінің артқанын атап өтті. Мамандардың пікірінше, қарапайым талаптарды сақтау және цифрлық сауаттылықты арттыру – әрбір қолданушының қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты жолы.

Сабина Жолдаспаева