Павлодар қаласының солтүстік ауданында ыстық су беру жұмыстары қайта жанданды. Мамандардың айтуынша, жылу желілеріне жүргізілген гидравликалық сынақтар сәтті аяқталған. 25 сәуірден бастап коммуналдық қызмет өкілдері көпқабатты тұрғын үйлерді ыстық сумен жабдықтау жүйесіне кезең-кезеңімен қоса бастаған. Қазіргі таңда 189 үйге ыстық су беріліп үлгерді.
Қалған тұрғын үйлерге ыстық су мамыр айының ортасына дейін толық қосылмақ. Атап айтқанда, 10 мамыр күні Бектұров, Марғұлан, Сәтпаев, Астана, Генерал Дүйсенов, Естай, Лермонтов, Павлов көшелері, сондай-ақ Жеңіс алаңы мен Айманов көшесіндегі үйлерге су беріледі.Ал 15 мамырда Сәтпаев, Сұрағанов, Лермонтов және Назарбаев көшелерінің бойындағы тұрғындар ыстық суға қол жеткізеді.20 мамыр күні Айманов, Бектұров, Сұрағанов және Мәжһүр Жүсіп көшелеріндегі үйлер толықтай қосылады деп жоспарланып отыр.Мамандар тұрғындарды сабыр сақтауға шақырады. Айта кетейік, қосу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде.
Дильназ Қуанышбекқызы