Жеңілдетілген несиелер, бизнес-жоспарларды қолдау, ғимарат пен қажетті жабдықты таңдауда көрсетілетін көмек. Қазақстандағы кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік қолдау шараларына осындай көмектер көрсетіледі. Бірқатар кәсіпкерлер осындай жәрдемнің арқасында кәсібін өрге сүйреуде.

8 жыл бұрын «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының қолдауымен Айзат Байтенова жұбайымен бірге ғимаратты жалға алыцп, орнына өздерінің жеке салонын ашуды ұйғарған. Себебі кәсіптері дами бастаған соң оны үлғайту керек деп шеешкен. Алайда, кәсіпті кеңейтуге бұрынғы орналасқан ғимаратты мүмкіндік жоқ еді.

Айзат Байтенова, ателье басшысы

«Сосын ескі ғимарат тауып, оны толықтай жөндеуден өткіздік. Содан кейін өз кәсібімізді жүргізе бастадық. Пандемия кезінде салондар жұмыс істемей, үй жағдайында жұмыс істеп, маскалар тігумен айналыстық. Осылайша өндірісіміз бастау алды. Кейін басқа қызмет түрлерін де дамыту керек екенін түсіндік»

Уақыт өте келе «Ханум-ателье» жаппай өндіріс деңгейіне көтеріліп, мектеп формасы мен ұлттық нақыштағы киімдерді тігуді қолға алды. Кәсіпкердің айтуынша, оның басты арманы – «Made in Pavlodar», яғни «Павлодарда жасалған» деген сапаны қалыптастыру.

Айзат Байтенова, ателье басшысы

«Біз ұлттық нақыштағы киімді тек мейрам күндері емес, күнделікті өмірде де киетін деңгейге жеткізгіміз келеді. Өкініштісі – көпшілік ою-өрнектердің мән-мағынасын терең зерттемей, оларды ретсіз қолданады. Ал шын мәнінде әрбір өрнектің өз мағынасы бар. Ата-бабаларымыз әр өрнекке ерекше мән берген, сондықтан біз сол құндылықтардың ұмыт қалмауын қалаймыз.»

Кез келген өндірісті дамыту үшін қаржы мен заманауи жабдық қажет. Айзат Байтенованың айтуынша, мұндайда мемлекеттік қолдаусыз алға жылжу қиын.

Айзат Байтенова, ателье басшысы

«Жабдықтардың бағасы шамамен 10 миллион теңгеден басталады, ал матаға сублимация жасауға арналған құрылғыны сатып алу үшін кемінде 20 миллион теңге қажет. Мұның бәрін жолға қою үшін, әрине, «Даму» қорының қолдауы аса маңызды. Біз тігіншілерді Жұмыспен қамту орталығының көмегімен оқытамыз, бұл да – мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау. Олар оқу барысында шәкіртақы алып, кәсіби білім мен тәжірибе жинайды.»

«Эксклюзив Павлодар» компаниясы 6 жылдан бері жеке тапсырыспен модельдік автокөлік тысқаптарын тігумен айналысып келеді. Осы уақыт ішінде 6 000-нан астам көлік иесіне қызмет көрсетілді. Қазіргі таңда кәсіпорынның базасында 1 500-ден астам дайын лекало бар.

Ернар Сабыров, компания басшысы

«Бәрі қарапайым түрде басталды. Пандемия кезінде досым осы істі ұсыныды. Тәжірибем болмаса да, байқап көруге шешім қабылдадым. Содан бері осы бағытта 6 жыл бойы жұмыс істеп келеміз. Тапсырыс қабылданғаннан кейін 7-10 күн ішінде дайындаймыз, ал орнату жұмысы шамамен үш сағатты алады. Жуырда орындық өндірісін де іске қостық. Енді біз буктан және фанерадан түрік технологиясы бойынша орындықтар шығарып, Павлодар облысы бойынша ресми дилер боламыз.»

Кәсіпкердің айтуынша, ол іске үлкен жауапкершілікпен және батылдықпен кіріскен. Ісінің алға басуына мемлекеттік қолдаудың да әсері көп болған.

Ернар Сабыров, компания басшысы

«Тігін жабдықтары сатып алынды. Ол кезде 6% мөлшерлемемен 15 миллион теңге көлемінде несие рәсімделді. Қазір барлық қарыз толықтай сәтті өтелген. Біз өндірісті жаңарту мақсатында жаңа жабдықтар әкелуді жоспарлап отырмыз, олар – лазерлік кесу үстелі мен автоматты бағдарламасы бар кесте тігу станогы.»

Қазір Ернар Сабыровтың кәсіпорны 8 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Жұлдыз Қабылденова