Шарбақты аудандық мәдениет үйінде «Дала әуендері» атты қазақ ұлттық аспаптар ансамбльдеріне арналған семинар-тренинг өтті. Шараға облыстың барлық ауданынан өнерпаздар жиналып, тәжірибе алмасып, білімдерін жетілдірді. Толығырақ әріптесім Жұлдыз Қабылденова жалғастырады.
Ұлттық аспаптар ансамбльдері – халқымыздың рухани мұрасын дәріптейтін маңызды өнер ұжымдары. Олар төл өнерді насихаттап, жас ұрпаққа ата-баба аманатын жеткізуде маңызды рөл атқарады.
Медет Тауасқан, Павлодар облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысы
«Жалпы осы мәдениет саласында қызмет етіп жүрген бүгінгі таңда 4200-ден астам қызметкер болатұғын болса, айтылып жатқан жақсылық ол баршасы сіздің арқаларыңыз деп білеміз. Себебі әрқайсыларыңыз өз салаларыңызда, өз ауылдарыңызда, аудандарда, қалаларда бір ұжымның арасында отырсаңыздар да, біліңіздер, сіздердің жасап жатқан дүниеңіз – үлкен бір ауқымды дүниенің бір пұшпағы. Сол үшін жасап жатқан қызметтеріңізге рақмет айтамын»
Осы орайда ансамбльдердің кәсіби деңгейін арттыру және шығармашылық әлеуетін дамыту – бүгінде өзекті мәселелердің бірі. Семинар-тренинг осы ұжымдардың шеберлігін шыңдап, шығармашылық жұмыстарын жетілдіруге және орындаушылық деңгейін арттыруға бағытталды.
Замира Солтанова, «Шаңырақ» облыстық халық шығармашылығы және мәдени-сауық қызметі орталығының басшысы
«Өнер додасы» кезінде қазылардан осы ансамбльдерге олқылықтар болған еді. Соның нәтижесінде жалпы аудандарға осы ұлт аспатар ансамблі құрылымы туралы түсінік қалыптастыру керектігін байқадық. Содан кейін осы бір семинарды өткізген жайымыз бар. Семинар екі кезеңнен өтеді. Бірінші – жетекшілермен, репертуармен, екіншісі – жалпы ансамбльдермен»
Шараға Астана қаласынан арнайы шақыртумен Мәдениет саласының үздігі, «Сарыарқа» халық музыка ансамблінің әртісі әрі өңдеушісі, күйші- композитор Тоғжан Жахин қатысты.
Тоғжан Жахин, ҚР мәдениет саласының үздігі
«Бүгінгі іс-шара көптеген ансамбльдердің – фольклорлық ансамбльдердің мәселесі бойынша қандай да қиындықтар бар, өз тәжірибемізбен бөлісу, жалпы аспаптарды қолдану, өңдеулерді жазу және тағы да басқа өзекті мәселелерді қозғау үшін келдік. Мұндай іс-шаралар көп бола бермейді, сондықтан осыны ұйымдастырып жатқан «Шаңырақ» шығармашылық орталығына үлкен алғысымды білдіремін.»
Шарбақты ауданына облыстың барлық ауданынан 100-ден аса қатысушы жиналды. Семинар-тренингтің алғашқы бөлімінде олар ұлттық аспаптардың түрлері, тарихы мен ерекшеліктері жөнінде дәріс тыңдады. Ал екінші бөлімде өз өнерлерін көрсетіп, білікті маманнан сахналық нөмірлерін жетілдіру бойынша кеңестер алды.
Абай Рысбеков, семинар қатысушысы
«Бұл шеберлік сағатында біз не үйрендік? Біз, мәселен, көп аспаптарды қатты меңгермеген аспаптарымызды тереңірек үйрендік және де осы арнайы семинарға ҚР Мәдениет саласының үздігі Тоғжан Серікұлынан біз кереметтей тәжірибе алдық десек те болады. Ол кісінің домбыраны қалай меңгеруі, оркестрде қалай өзін жақсы ұстануы деген секілді көптеген сабақтармен үйрендік, алмастық десек те болады»
Жалын Құнанбай, семинар қатысушысы
«Өзімізге ойып алар жаңағы сөздер, тәжірибелері өте молшылық. Өйткені ансамбльде кейбір олқылыпқ, жетіспеушілік, аспаптардың орын-орнымен ойналуы, тәсілі – соның бәрін айтып өтті ағамыз.»
Семинар-тренигтің соңында барлық ансамбль марапатталып, алғыс хаттарға ие болды.
Жұлдыз Қабылденова