Жаратқан ерекше қабілетке ие еткен, таңғажайып тұлға Мерғалым ата Мұхтариханұлының есімі өңірімізге ғана емес, республикаға, алыс-жақын шет елдерге де танымал. Емші, сынықшы, көріпкелдік қасиетке ие болған бірегей жан Аққулы ауданында бүгінде өз аты берілген Мерғалым ауылында ғұмыр кешкен. Қазір қасиет иесіне арнап мазар салынуда. Кесене құрылысымен танысып қайтқан әріптесім Гүлсара Мәлікованың бейнематериалы.
Мамыр айының басында қолға алынған Мерғалым ата кесенесінің құрылысы 40 күнде тәмамдалады деп жоспарлануда. Жұмыстың басым бөлігі аяқталды. Жоба архитектурасының авторы Жұмабек Қамзиннің айтуынша кесене 9-ғасырдан келе жатқан саманит, Бұқар стилінде бой көтеруде. Күмбезі қабыршақ. Сыртында Алла деген жазу және Мерғалым атаның есімі бар. Кіре беріс маңдайшасында уақтың символы бейнеленген.
Қанат Әлтаев, Аққулы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы
Былтыр қазан айында Қамзин Жұмабек деген азамат келіп осындай біз естіп жатырмыз осындай ұсыныстар бар екен деп салсақ қалай қарайсың деп баласымен Қаршығадан сұрап рұхсатын алып проектіні жасап идейный организатор вдохновитель Жұмабек Қамзин. Енді бүгінде көріп тұрсыздар ел болып жұрт болып халық болып жабылып көтеріп жатыр.
Құрылысқа ауданның әр ауылының азаматтары ұйымдасып келіп ат салысуда. Кесене салуға қол тигізіп жүргендер жандардың бәрінің де кезінде ата-әжелері, әке-шешелері немесе өздері атаның шипасын алып, шапағатын көргендер. Бүгінде ел аруағына қызмет етуде.
Бүркітбай Биболатұлы, Мерғалым ата ауылының тұрғыны:
Үстіндегі күмбезін істеген Жиенбай мырза. Оларға да барлығына алғыс айтқым келеді. Содан кейін көршілес ауылдар біздің Шақа ауылы, Малывбай ауылы, Қазы ауылы, Аққулы, Баймульдин ауылы, Шалдай ауылының азаматтарына алғысымыз шексіз. Өйткені олар күнде келіп 10-10 кісіден келіп көмектесіп, ел бірлігін, бас бірлігін көрсетті.
Кесене жанынан шырақшы үйі де бой көтерген. 3 бөлмеден тұратын қонақ үйі 210 шаршы метр. Жеке тұрған қазандық және дәрет алатын бөлмелер де бар. Сондай-ақ құдық та қазылған. Оған алдағы уақытта зәмзәм суы құйылмақ. Шырақшы үйін салған ауыл тұрғындары, ерлі-зайыпты Ерлан Дүйсенов пен Раушан Темірғалиқызы.
Раушан Байдүйсенова, «Ертіс орманы» ММ туризм және экологиялық ағарту бөлімінің маманы:
Кісі өзі ауырып келеді иә, емін алуға келеді. Соны кішкене жағдай жасау керек. Мына қазандық әдемілеп жылы жерде су ішінде болатындай солай істейікші деп, бізде Ержан деген строитель бар. Уже бір жылдан аса көмектесіп жатыр, салып жатыр. Осы елдің азаматы Қаратаев Қадырбек деген. Былтыр Россиядан 20 тек қана Новосибирскіден келді. Сонда олар айтты 2 жыл біз келе алмадық, өйткені пандемия болды да, үй салынып жатыр деп естігесін біз келдік деп, сонда біз ноябрьде қараша айында соларды қарсы алдық.
Аталған шырақшы үйі «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының балансында. Мерғалым ата мазары облыстық сокралды география тізіміне енген. Кесененің ашылуы маусым айының соңында, құрбан айт күндеріне жоспарланып отыр. Шараға елімізден ғана емес, көршілес Ресейдің Алтай өлкесінен Мерғалым атаның емін алған жандар мен ұрпақтары келмек. Жалғанда 51 жас қана өмір сүріп оның 40 жылында халқына шапағат нұрын шашқан Мерғалым ата жайлы ел арасында аңызға бергісіз әңгіме көп.
Қанат Әлтаев, Аққулы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
Ертеде бір летчик шашылып қалған, мында әкеліп ол кісін жинап аяғына тұрғызып қоя беріп ол кісі еліне барып Москавада қайтып келіп машина сыйлап кеткен екен.
Мерғалым ата 12 жасынан халыққа шапағат нұрын шашқан емші, сынықшы ғана емес, ел арасындағы татулық, бірліктің де шырақшысы болған. Бүгінгі кесенесін елдің бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып бірлесе көтеріп жатқаны да кезінде қасиет иесінің елге сеуіп кеткен татулық дәнінің жемісі болар. Айта кету керек, кесене салып жатқан құрылысшыларға ауыл келіншектері көше-көше болып кезектесіп күн сайын ас-суын дайындап отыр.
Гүлсара Мәлікова