Өнер – мәңгілік. Ал оны жүрегімен сүйіп, сахнада ғұмыр кешкен жандар әрдайым ел есінде. Павлодарда белгілі актриса, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Нина Матвеевна Запрудневаға арналған шығармашылық кеш өтті.
Шара Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде өтті. Бұл кеш Нина Матвеевнаның 85 жылдық мерейтойына арналды. Белгілі актриса 1976 жылдан бастап Павлодар облыстық драма театрында жұмыс істейді. 1987 жылы ол еңбек сіңірген әртісі атағына ие болды. Осы күнге дейін сахнада 200-ден аса рөль сомдаған.
Нина Запруднева, ҚР еңбек сіңірген әртісі
Әрине, мен бұған дейін де әртүрлі театрларда жұмыс істедім. Өзім Ресейде дүниеге келдім. Әкем мұғалім болды, анам үй шаруасындағы адам еді. Мен қарапайым отбасында өстім. Әкем менің мұғалім болғанымды қалады. Бірақ бала кезімнен түрлі көріністер қойып, рөл ойнағанды жақсы көретінмін. Кейін менің өмір жолым мені актерлікке алып келді. Сөйтіп, мұғалім болмадым. Алдымен театр училищесін бітірдім. Содан кейін театрда жұмыс істей бастадым. Кейін институтқа оқуға түстім. Негізінен классикалық шығармаларда ойнадым. Жалпы, мен рөлдерден шабыт алып, әр кейіпкерді жүрекпен сезініп ойнауға тырыстым.
Шара барсында «Өмірімнің парақтары» атты көрме ұйымдастырылды. Онда актрисаның өмірі мен өнер жолынан сыр шертетін естеліктер мен фотосуреттер қойылған. Кеш барысында Павлодар облыстық Антон Чехов атындағы театр актерлері өнер көрсетті.
Роман Прохоров, А.П.Чехов атындағы драма театрының әртісі
Нина Матвеевнаны мен жеті жыл танимын. Осы жылдар ішінде бір нәрсені анық түсіндім – оның «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі» деген атағы жай берілмеген. Өйткені ол өте әсерлі адам. Ол театрда көп жылдан бері еңбек етіп келеді. Соған қарамастан сахнадағы шеберлігін сақтап қалған. Нина Матвеевна – терең ойлайтын, ішкі жан дүниесі бай актриса. Сонымен қатар ол жас актерлерге үнемі бағыт-бағдар береді. Бәрін түсіндіріп, көмектесіп жүреді. Өзі өте мейірімді, ашық адам. Мен одан жылы шырайлы болуды үйрендім. Себебі онымен сахнада жұмыс істегенде әрқашан жұмсақ мінезімен, жайдарлы көңілімен ерекше әсер қалдырады.
Өнерге адалдық пен сахнаға шексіз махаббат иесі Нина Матвеевна – жас буынға үлгі болар тұлға. Бұл кеш оның шығармашылық жолына деген зор құрметтің көрінісі.
Сабина Жолдаспаева