Ертіс футбол клубы тағы тең ойнады. Бұл жолы олар Оңтүстік академиясымен кездесіп, матч 2:2 есебімен аяқталды. Қазір жерлестеріміз Бірінші лиганың турнирлік кестесінде үшінші орында. Кездесу тартысты өтті.

"Оңтүстік академия" ойыншыларымен өткен кездесуде алғашқы тайм көк жейде киген команда үшін сәтті басталды. Шымкенттік Мағжан Тоқтыбай ойынның 3-минутында қақпаны дәл көздеп, есеп ашты. Алайда көп ұзамай, 18-минутта Әділхан Добайдың шебер берген пасын Арман Смаилов нәтижелі соққыға айналдырып, есепті теңестірді.

Матчта — екі команда ойыншыларына төрт сары қағаз берілді. Тіпті, "Оңтүстік академиясы" сапынан Асқар Қадырбек қатарынан екі рет сары қағаз алып, алаңнан қуылды. Алайда бұл жағдай Мағжан Тоқтыбайдың тағы бір гол соғуына кедергі болған жоқ. Қосымша минуттарда Анатолий Красотиннің орнына алаңға шыққан Руслан Есимов таразы басын теңестірді.

Руслан Есимов, «Ertis» футбол клубының ойыншысы

Біз үшін бұл ойын ауыр өтті, өйткені әр команда Павлодарға келгенде бар күш-жігерін салып, өздерінің ең үздік қабілеттерін көрсетуге тырысады. Қағаз жүзінде біз фаворит саналамыз, бірақ алаңда өзіміздің үздік екенімізді дәлелдеуіміз қажет.

Ертіс Бірінші лигадағы келесі ойынын 29 мамыр күні сырт алаңда Таразға қарсы өткізеді. Қазір турнирлік кестеде үшінші орында тұрған команда алдағы кездесуде бар күшін салуға дайын.

Байтұрсын Жұмабай