Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай біз музейдің тыныс-тіршілігімен танысып, халық қазынасын көздің қарашығындай сақтап жүрген жандардың бірі, Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің

бас қор сақтаушысы Мейрамғали Есмұхановпен сұхбаттастық.Толығырақ алдағы сюжетте.

Заман көшінде жоғалмай, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлттық мұрамыздың бір тұғыры — музей. Бұл жер – тек жәдігерлер қоймасы ғана емес, өткен мен бүгіннің арасын жалғап тұрған алтын көпір. Міне, осы асыл мұраны сақтап, сұрыптап, жүйелеп, болашаққа аманаттаушы маман — қор сақтаушы. Бұл қызметтің жауапкершілігі ауыр, жүрекпен сезінетін, жан-дүниені толғандыратын іс.

Мейрамғали Есмұханов, Бұқар Жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің бас қор сақтаушысы

Мен осы Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейіне келген бетте отыздан асқан шағымыз болатын. Музейімде Айтжан Бәділхан, Қуандық Қалиев деген үлкен ағамыз болды. Сол кісілердің үйрендім бәрін, күні бүгінге дейін осылай ақырын жұмыс істеп келе жатырмыз.

"Әрбір жәдігер – тірі тарих" дейді кейіпкеріміз. Оның әр күні сансыз құнды заттармен, өткен дәуірлерден жеткен үнмен, шежіреге айналған бұйымдармен өтеді. Айтуынша, музей қорындағы әр заттың өз тарихы бар.

Мейрамғали Есмұханов, Бұқар Жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің бас қор сақтаушысы

Ең құнды деген зат Шәкен Аймановтың бірнеше фильмде басына киген бөрігі, авариядан қайтыс болған кезде үстіне киген тоны, Қаукен Кенжетаевтың шапаны, өз қолымен ұстаған домбырасы сияқты заттар бар. Бұл енді шағын ғана айтып жатқаным, айта берсек көп зат бар.

Мейрамғали Есмұханов бірнеше жылдар бойы сабақ берген білікті ұстаз. Ал музейдегі қызметіне 2002 жылы келген, содан бері еңбек етіп келе жатқанына 23 жыл толды. Осы уақыт аралығында ол көптеген жәдігердің тағдырын зерттеп, тарихи деректердің үстінен түскен. Музей қорын сақтау – ерекше дәлдік пен ұқыптылықты талап ететін іс дейді.

Мейрамғали Есмұханов, Бұқар Жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің бас қор сақтаушысы

Бұл ұлкен жұмыс ізденісті талап етеді. Айтып жатқанымыздай, құнды жәдігерлер музей қызметкерлерінің ізденісі арқылы жеткен. Қызметкерлердің әрқайсысына да осы жәдігерлер өте қымбат деп айта аламын. Өйткені оны барған жерлерінде өздері тауып, әкеліп, қорымызды толықтырып жатады.

Кейіпкеріміздің бойындағы кәсіби біліктілік, ұлттық мұраға деген құрмет, жауапкершілік — өскелең ұрпаққа өнеге. Ал, мәдениет және өнер қызметкерлері күні – осындай мамандардың тынымсыз еңбегін елеп-ескеретін, шығармашылыққа, руханиятқа сүбелі үлес қосып жүрген жандарды дәріптейтін ерекше мереке.

Қымбат Садық