Астана қаласында өткен «Рухани қазына – 2025» республикалық фестивалі биыл да ұлттық мәдениет пен өнердің мерекесіне айналды. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген мәдениет өкілдері бақ сынаған бұл байқауда жерлестеріміз жоғары нәтиже көрсетіп,өңір абыройын асқақтатты.

Фестиваль еліміздің мәдениет саласы қызметкерлерінің кәсіби мерейін өсіруге, рухани мұрамызды насихаттауға бағытталған. Дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан бұл байқау мәдениет үйлері, кітапханалар, музейлер мен фольклорлық ансамбльдер арасындағы үздіктерді анықтады.

Медет Тауасқан, Павлодар облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы

Ертіс-Баян өңірі бұл марапаттардан кенде емеспіз, бірінші марапатымыз емес. 2022,2019 жылдары марапаттарға ие болғанбыз. Ал, биыл әріптестеріміз үлкен жетістіктермен қуантып отыр. Бір емес, екі емес үш бірдей бас жүлде марапаты келіп отыр. Осыған төбеміз көкке жетіп, қуанудамыз.

 «Рухани қазына – 2025» ресупбликалық фестивалінде өңіріміздің мәдениет қызметкерлері жоғары марапаттарға ие болды. Атап айтар болсақ, «Облыстық маңызы бар кітапхананың үздік қызметкері» аталымында Алпысбай Хонж, «Үздік қалалық маңызы бар музей» аталымында «Ертіс» мультимедиялық музейі, ал «Үздік облыстық маңызы бар музей» аталымында Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі жеңімпаз атанды.

Ербол Қайыров, Бұқар Жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің басшысы

Бұл тек Бұқар жырау музейінің жеңісі емес, бұл облыстың жеңісі. Өйткені біздің музейімізде кешегі ата бабаларымыздан қалған мұралар сақталып отыр, бұл қазақтың тарихы. Музейдің осындай додада орын алуы ел үшін қуаныш деп ойлаймын.

Жерлестеріміздің бұл жетістігін мәдениет басқармасы жоғары бағалап, алдағы шығармашылық жолдарына сәттілік пен табыс тіледі.

Қымбат Садық