Биыл өңірде жазғы уақытта оқушыларға 700-ден астам лагерь жұмыс жасайтын болады. Олардың басым бөлігі мектепішілік лагерьлер. Жалпы биыл қанша оқушы жазғы демалыспен қамтылмақ? Әлеуметтік осал топтағы отбасылардан шыққан балаларға қандай жағдай жасалады?

Павлодар облысында 1 мен 11 сынып аралығында 108 мыңнан астам оқушы жазғы сауықтыру лагерьмен қамтамасыз етіледі. Бұл өңір оқушыларының 98 пайызын құрайды, дейді жауапты басқарма.

Роза Ақанова, облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары:

Мектеп базасында 40 мыңнан астам оқушыны қамтитын 326 мектеп жанындағы лагерьлер мен алаңдардың жұмысын ұйымдастыру жоспарлануда. Жоғары сынып оқушылары үшін мектептер мен қосымша білім беру ұйымдарының базасында жалпы саны 55 мыңға жуық оқушыны қамтитын 424 бейіндік лагерьлер мен түрлі бағыттағы жасақтардың жұмысы ұйымдастырылатын болады.

Өңірде қала сыртында 12 лагерь бар. Оның 9-ы мемлекеттік, 3-і жекеменшік. Онда 6000 мың оқушы демалады деп жоспарланып отыр. Бұдан бөлек осал топтағы 12 мың бала бұл орталықтарда тегін демалады.

Роза Ақанова, облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары:

Жалпыға бірдей білім беру қорының қаражаты есебінен әлеуметтік қорғалмаған отбасылардан шыққан 12,0 мыңнан астам бала, жетім балалар мектеп жанындағы және қала сыртындағы лагерьлерде демалыспен және сауықтырумен қамтылатын болады.Бұл үшін 300 млн теңге бөлінді. Бұдан бөлек биыл жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарының 296 тәрбиеленушісін қамту жоспарланған. Бұл орталықтарда балғындар 15 маусымнан 15 тамызға дейін демалады.

Балалар қауіпсіздігі басты назарда. Мектеп ұстаздары және жауапты мекеме мамандарының қатысумен маусым-тамыз айларында «Қауіпсіз балалық шақ» акциясы өтеді.

Әйгерім Тоқпанқызы