Павлодар қаласында мектепке дейінгі білім беру саласында өзгерістер орын алмақ. Мәселен, 8 мамырдан бастап қала балабақшалары кезең-кезеңімен ваучерлік жүйеге көшуді бастайды. Жаңа жүйенің берер пайдасы мен мүмкіндіктері туралы тілшіміз біліп қайтты.

Ваучерлік жүйе дегеніміз не? Бұл – ата-аналарға мемлекеттен бөлінетін қаржылай қолдауды тікелей тағайындап, оны өздері қалаған балабақшада пайдалануға мүмкіндік беретін механизм. Яғни, мемлекет баланың бір жылдық тәрбиесіне белгілі бір сома бөледі, ал ата-ана осы соманы өз қалауындағы балабақшаға «ваучер» ретінде бағыттайды. Бұл жүйе балабақша арасындағы бәсекелестікті арттырып, қызмет сапасын жақсартады.

Дыбыс Андерова, Павлодар қаласы білім беру бөлімі мектепке дейінгі білім беру секторының бас маманы

Ата-аналар ай сайын жеке кабинеттерінде баланың балабақшаға қатысуын растап, электрондық табельдерді бекітіп отыруға міндетті. Бұл ваучерлік қаржыландырудың осы жүйедегі есеп берудің негізгі бөлігі болып табылады. Балабақша тәрбиеленушілерінің барлығы ваучердің иегерлері болып табылады.

Айта кетейік, ваучер тек білім беру қызметтерін қаржыландыруға арналған, тамақтану шығындарын ата-аналар өздері төлейді. Бұрын мектепке дейінгі мекемелерде INDIGO жүйесі қолданылған. Енді мұның жұмысы кезек туралы деректерді түрлендіру және ваучерлік жүйеге көшу мақсатында толық тоқтатылады.

Дыбыс Андерова, Павлодар қаласы білім беру бөлімі мектепке дейінгі білім беру секторының бас маманы

Енді кезек қайта құрылады. Кезектің түрлері мен санаттары өзгереді. Соның нәтижесінде өтініш берушілердің кезектегі орындары ауысады..Бүгінгі таңда «индиго» жүйесінде жаңарту жұмыстары басталып кетті. Яғни, 83 мектепке дейінгі білім беру мекемесі жаңа жұмыс үлгісіне көшуде , жаңа жолдамалар беру тоқтатылды. Және ата-аналардың жеке кабинеттерінде табельдер қосу жүргізіліп жатыр.

Павлодарда қазір 83 балабақша бар. Оның 73-і мемлекеттік. Ваудчерлік жүйе туралы қосымша мәліметтерді білім беру басқармасының әлеуметтік желілерінен немесе 8 (7182) 32-07-61 телефон номері арқылы білуге болады.

Қымбат Садық