Жыл басталғалы облыста балалар жарақатының 13 оқиғасы тіркелген. Барлығы дерлік тұрмыстық жағдайда орын алған. Бұл тұрғыда ата-аналардың жауапкершілігі еселене түспек. Өңірлік коммуникациялар алаңындағы баспасөз жиынында осынау мәселенің алдын-алу жайы айтылды.
Бар байлығым балам деп білген ата-аналар кейде балапандарын көз алдынан қалт жіберіп, әр түрлі жағдайларға ұрындырып алып та жатады. Тұрмыста болатын бұндай жағдайлар кейде қайғылы аяқталып та жатады. Биыл балалар айтарлықтай жарақат алған 13 факт тіркеліпті. Оның алтауы Екібастұзда болған. Павлодарда бес оқиға, Ақсуда 2 жағдай. Сонымен қатар, жыл басынан бері бір бала терезден құлап кеткен.
Баланың қауіпсіздігі үшін ең әуелі ата-ана жауапты. Әрине, мүдделі мекемелердің де атқарар міндеті бар. Алайда, олардың міндеті де мүмкіндігі де ата-аналардікіндей емес. Полиция департаменті немесе білім беру мекемелер тек түсіндіру шараларымен ғана шектелетіні түсінікті.
Алда жаз маусымы. Балалардың бәрі білім мекемелерінен босап, ата-анамен ұзақ уақыт қалатын кезеңі. Осы үш айға жуық уақытта ата-аналардың да мүдделі мекемелердің де жұмысы сынға түседі.
Бала қауіпсіздігі барша қоғамның міндеті. Бұл тұрғыда баршасы бірлесіп бүлдіршіндердің амандығына қызмет етуге ниетті. Полияция департаменті, білім беру, денсаулық сақтау мекемелері ата-аналардан балаларының қауіпсіздігі үшін аса жауапты болуға үндейді.
Жанасыл Серікбол