Жеңістің 80 жылдығына орай Павлодарда тыл еңбеккерлеріне арнайы медальдар табысталды. Бұл бейбіт күннің сыйы мен ел алғысы. Облыс бойынша бүгінде 1700-ге жуық тыл ардагері бар. Олардың әрқайсысы соғыс жылдарында елге өлшеусіз еңбек сіңірген жандар.

Олар майдан шебінен алыс болса да, еңбек майданында алдыңғы қатарда болды. Сол жылдары азық-түлік, киім-кешек, оқ-дәрі – барлығы олардың мойнында еді. Бүгінгі марапат – сол ауыр күндердің өтеуі. Елдің болашағы үшін тер төккен ардагерлерге көрсетілген құрмет пен тағзым.

Кенже Кенесбаев, Павлодар қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы

Осында 130 адам бар тылда жұмыс істеген. Көбісі жете алмады. Жастары келген адамдар келе алмады. Жалпы мектепке, білім саласындағы адамдарға бәріне ризашылық білдіреміз. Себебі олардың тізімін же жинау әжептәуір жұмыс. Ардагерлердің арасында келе алмай қалғандары да бар. Денсаулықтарына байланысты, үйден шыға алмайтын,жалғыз тұратындар да бар. Сондықтан оларға мектептің оқшылары мен ұстаздары үйлеріне апарып береміз медальдерді. Міне осындай жұмыс жүріп жатыр.

Тыл қызметкерлерінің балалық шағы ауыр еңбекпен өтті. Олар ерте есейді. Туған елдің болашағы үшін тер төкті. Қазіргі ұрпақ үшін бұл ұмытылмас сабақ.

Қабиден Жетпісов, тыл ардагері

Соғыс кезінде көрмеген қорлығымыз жоқ. Бәрін көрдік. Жалаңаяқ, жалаңбас далада жер жыртып, егін егіп бәрін істедік. Берген көмегіміз көп болды. 7 жастан бастап жұмыс істедік. Қазіргі уақытта 7 жастағы балалар ештеңе істегілері келмейді. Ал біз ол жаста жер жыртып жүрдік. Көп рахмет шақырғандарыңа, ризамын. Алла Тағала дендеріңізге саулық берсін.

Салтанатты шара концерттік бағдарламамен жалғасты.

Сабина Жолдаспаева