Павлодардағы «Достық» шағын ауданын кеңейту жұмыстары жалғасуда. Сәйкесінше саяжай аумағын тазалау процессі жүргізіліп жатыр. Тұрғындар болса бұған наразылық танытуда. Тіпті кейбірі бұл аумаққа тұғын үй салып алған. Ал, жерге төленетін қаражатқа пәтер соммасы қосылмайды,-деп шағымдануда. Жергілікті атқамінерлердің ақпарынша биыл құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін 1 300 саяжай сүрілмек.
Александр Васильевич өзінің 6 соттық жерін 1967 жылы ата-анасынан мұра ретінде алып қалған. Әр талын өз қолымен отырғызған қала тұрғыны бұл жерде балалық шағының қалғанын айтады. Бірақ, саяжай аумағының құжаттарын жергілікті билік өкілдері алып қойған көрінеді. Аумақ кез-келген уақытта сырылуы мүмкін. Тіпті, биылғы өнімді алып үлгермей қаламын ба деп қапаланады. Ал, бұл аумақты жауаптылар 3 млн теңгеге бағалапты.
Александр Чернов, бағбан:
Өкінішті әрине. Мен бұл жерді осыдан жарты ғасыр бұрын алғанмын. Бірақ, болар іс болды. Қолымыздан ешнәрсе келмейді. Құрылыс жұмыстары басталып кетті.
«Строитель» бағбаншылығындағы аумақтарды мемлекет 2014 жылдан бастап сыра бастаған. Олардың орнына көп қабатты зәулім үйлер де тұрғызылды. Ал, биылғы жылы 192 аумақ сүріледі. Яғни, 2000 саяжайдан бүгінде тек 500-і ғана қалыпты. Саяжайларды бұзу жұмыстарының кері әсерін қалған бағбандар көріп келеді. Себебі, бағбаншылықпен айналысатындар саны азайғандықтан судың да құны қымбаттапты. Тіпті, бұрынғыдай аптасына 4-5 рет емес, тек 2-3 рет қана беріледі екен.
Тамара Гуськова, бағбан:
Су тарифі көтеріліп кетті. Әр соттық жерге 1000 теңгеден қосылды. Біз бір соттық жерге 4500-нан төлей бастадық. 27 мың теңге шығады. Былтыр 500 саясай сүрілген соң бірден 1000-теңгеге қымбаттады. Бұл инфляция кесірінен емес, бағбандардың азайғандығынан болып отыр.
Бағбандардың сөзінше қараусыз қалған аумақтар өте көп. Салдарынан ұрлық фактілері де жиілепті. Енді өркендеп келе жатқан бағбаншылық алдағы екі жылда мүлдем жойыла ма деп, қапаланып отыр тұрғындар.
Айтолқын Қасенова, жер телімдерін алу секторының меңгерушісі:
Қазіргі уақытта 192 бағбаншылық аумағын меншік иелерінен сатып алу туралы шешім қарастырылып жатыр. Ал, қалған 320 аумақты мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары 2023-2024 жылдарға қалдырылды.
Саяжайдағы жер аумағының нарықтағы бағасы 1 млн теңгеден басталады. Сатып алу жұмыстарына бюджеттен барлығы 120 млн тг бөлінген. Тұрғындар бұл сомма әлдеқайда аз дейді. Себебі, басым бөлігі үй салып алған. Ал, жергілікті билік осы саяжайлардлы сатып алу арқылы, «Достық» ықшам ауданын көркейтеміз,-деп отыр. Бұл маңға дейін трамвай жолы тартылып, мектеп пен бала-бақша салынбақ.
Зұлқарнай Ермұратұлы, Евгения Мягченко