Негізгі Жаңалықтар Спортшылар Ташкенттен 22 медальмен оралды

Спортшылар Ташкенттен 22 медальмен оралды

Жерлестеріміз Ташкентте өткен таэквондодан Азия чемпионатынан олжалы оралды. Қазақстан құрамасында өнер көрсеткен 11 павлодарлық 22 медаль жеңіп алды. Жарыстың қалай өткені туралы және спортшылардың одан алған әсері туралы әріптесім тарқатады.


Чемпионат медальдарын Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Грузиядан жиналған спортшылар сарапқа салды. Павлодарлық спортшылар түрлі жас санатында өнер көрсетіп, барлығы 13 алтын, 6 күміс және 3 қола жүлдені еншіледі.

Жәнібек Қанапин, таэквондодан Павлодар облысының аға жаттықтырушысы

Өзбекстанның Ташкент қаласында ICTF таэквондодан Азия елдерінің спортшылары арасында жарыс өтті. Бұл турнирге біз үш айға жуық уақыт дайындалдық. Аптасына үш мәрте жаттығу өткіздік, оған қоса балалар сенбі, жексенбі күндері келіп, қосымша дайындықтарға қатысты. Барлығы керемет нәтиже көрсетті.

Сайысқа қатысушылар екі бағыт бойынша бақ сынасты. Біріншісі – тартысты жекпе-жек – массоги, екіншісі – әдіс-тәсілдер жиынтығын көрсететін хёнги. Жерлестеріміз қос бағыт бойынша да шеберліктерін дәлелдеді.

Даяна Мансұр, спортшы

Мен жақсы өнер көрсеттім. Үздіктер қатарынан көріне алдым. Массоги, яғни спарринг бойынша екінші орын алдым. Ал хёнгиде жеңіске жеттім. Жарыс ұнады. Өз облысымның намысын қорғап, жоғары дәрежеде өнер көрсеткеніме қуаныштымын.

Төрт павлодарлық таэквондошы Азияның абсолютті чемпионы атанды. Олардың әрқайсысы екі алтын медаль ұтып алған. Мәселен Аңсар Алдамжар қырғыстандық және өзбекстандық қарсыластарынан басым түскен.

Аңсар Алдамжар, спортшы

Жекпе-жектер қиын өтті. Мен қызғыз және өзбек спортшыларына қарсы шықтым. Спарингтер және хёнги бойынша бірінші орынға ие болдым. Барлығы төрт кездесу өткіздім. Бұл жарыс күрделі болды, қарсыластар да мықты.

Лейла Демеуова үшін бұл чемпионат сыртта өткен алғашқы ірі жарыс болды. Десе де ол қанжығасына қорс алтын медальді байлады.

Лейла Демеуова, спортшы

Бұл – тамаша спорт түрі. Өзіңді қорғауға көмектеседі. Мен осындай жетістікке жетемін деп күттім. Ал үйге келгенде, барлығы жылы қарсы алып, сағынғандарын айтты.

Жаттықтырушының айтуынша, бұл байрақты бәсекеге павлодарлық спортшылар үшін жылдың тамаша қорытындысы болды. Енді таэквондошылар жаңа додаларға дайындықты бастап кетті. Алдағы уақытта ірі турнирлердің бірі Павлодарда өтсе, кейін команда 2027 жылғы жарыстарға дайындыққа қызу кіріспек.


Александра Алябьева



Бөлісу