Негізгі Жаңалықтар Жас зерттеушілер бас қосты

Жас зерттеушілер бас қосты

Павлодарда 2–8 сынып оқушылары арасында «Зерде» республикалық байқауының облыстық кезеңі өтті. Жас зерттеушілер өз жобаларын таныстырып, тың идеялары мен шығармашылық ізденістерін ортаға салды. Байқауға қатысушылар қандай тақырыптарды зерттеді? Жас ізденушілердің жобалары несімен ерекшеленеді? Толығырақ алдағы сюжетте.


Биыл байқаудың іріктеу кезеңіне 700-ден астам жұмыс ұсынылған. Оның ішінде 367 жоба облыстық кезеңге жолдама алды. Зерттеу жұмыстарына барлығы 488 оқушы қатысты. Олардың әрқайсысы өзіне қызықты бағытты таңдап, белгілі бір мәселені зерттеуге және оның шешімін табуға тырысқан. Зерттеу жобаларын қорғау 12 секция бойынша ұйымдастырылған.

Азамат Шаймұрат, «Ертіс дарыны» аймақтық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының басшысы

Әрбір секцияның өзінде жеке-жеке дара қарайтын болсақ, әр секцияда 15-20 баладан. Немесе ең үлкен секция бізде тарих және этномәдени тану секциясы. Бұл жерде 39 жобамен 48 бала қатысып жатыр. Бұл ең үлкен секция болып танылады. Бұл балалар өздерінің ғылыми ізденістерін қазылар алқасында қорғап отыр. Зерде жұмысында жеке дара бала өз жасай алады немесе топтық болып бірақ 2 баладан артық емес бір тақырыпты таңдап ғылыми ізденіс жүргізеді.

Байқау жұмыстары тақырыптық ауқымымен ерекшеленді. Қатысушылар математикалық теңдеулердің шешімін іздеді. Кейбір оқушылар ұлттық өнер мен қолөнерге ден қойса, енді бірі тарихты, өлкетануды, салт-дәстүр мен әдебиетті зерттеген. Сондай-ақ энергияны үнемдеу жолдарын ұсынып, қоршаған ортаны қорғауға қатысты мәселелерді қарастырды. Мәселен, бесінші сынып оқушылары суды тазартуға арналған құрылғының үлгісін жасап, оны сынап көрген.

Айшабибі Талғат, Айару Сұраған, №2 ЖОББ мектебінің 5-сынып оқушылары

Айша: Алғашында біз қарапайым пластикалық бөтелкеден су тазартатын алғашқы үлгісін жасадық. Оның көмегімен суды әртүрлі сүзгі материалдары арқылы өткізіп, тазарту жолдарын тәжірибе жүзінде тексердік. Айару: Кейін жобамыздың моделін жасадық. Оның құрылымын жетілдіріп, суды тазартуға арнайы аппаратты орналастырдық. Біздің мақсатымыз қолжетімді материалдарды пайдалана отырып, суды сүзуге көмектесетін құрылғы жасау.

Айша: Бұл жоба бізге көп нәрсе үйретті. Зерттеу жүргізуді, тәжірибе жасауды, өз идеямызды дамытуды және жұптық жұмыс жасауды үйретті. 

Айару: Біздің ойымызша табиғатты қорғау адамның өзінен басталады. Қоршаған ортаны таза ұстау, суды үнемдеп баршамыздың міндетіміз. Болашақта жобамызды одан әрі жетілдіріп, мүмкіндіктерін кеңейткіміз келеді. 

Облыстық кезеңнің қорытындысы бойынша әр секция мен жас ерекшелігі санаты бойынша ең жоғары ұпай жинаған қатысушылар жеңімпаз атанады. Олар республикалық кезеңде Павлодар облысының намысын қорғайды.


Сабина Жолдаспаева


Бөлісу