Елімізге белгілі ұлтжанды журналист, «Құрмет» орденінң иегері Ғалия Құсайынқызы Балтабай 75 жаста. Тіл мен діл, рухани құндылықтарды сақтап, дамытуға, елдің әлеуметтік ахуалын жақсартуға зор үлес қосқан күрескер тұлғаның мерейтойы аталып өтті.

Саналы ғұмырын журналистикаға, туған елі мен жерінің жоғын жоқтап, мұңын мұңдауға арнаған Ғалия Балтабайдың «Журналист шыңы» атты мерейтойлық кешіне өңір зиялылары, журналистика мен өнер, мемлекеттік мекеме өкілдері, сондай-ақ сыныптастары қатысты. Журналист жүздеген теле-радио бағдарламардың авторы. Ғалия Балтабайдың сын хабарларының нәтижесінде Павлодарда қазақ театры, облыстық балалар ауруханасы, Екібастұзда қазақ мектептері мен балалар бақшасы ашылды.

20-дан астам соғыс мүгедегі мен ардагерлері, тұрмысы төмен адамдарға телерадио хабарлары арқылы ат салысып, баспана алуға көмектескен күрескер журналист Ғалия Балтабай қашан да ел мүддесін өзінен жоғары қойды. Бүгінгі құрмет те соның нәтижесі.

Ғалия Балтабай мықты маман ғана емес, қарымды ұстаз. Өңір журналистикасынан қанат қаққандардың басым бөлігі оның шәкірттері.

Ғалия Құсайынқызының әйгілі тұлғалар, өнер тарландарымен жасаған 40 – тан астам әдеби-музыкалық хабары Қазақ радиосы мен облыстық Халық радиосының алтын қорында сақталған. 10-нан астам кітаптары бар. 42 жыл тапжылмай қызмет еткен қайсар жанға облыс әкімінің, облыстық мәслихаттың құттықтау хаттары табысталып, ыстық ықыластары жеткізілді.

Келелі жиын әсем әнмен көмкеріліп, мерейтой иесінің сүйікті шығармалары орындалды.

Гүлсара Мәлікова