Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары Екібастұз ауылдық аймағына қарасты Қоянды ауылында профилактикалық оқу-жаттығу өткізді. Онда мал дәрігерлері сібір жарасының ошағын жою жұмыстарын жүргізді. Жаттығулар теориялық және практикалық бөлімдер бойынша өткізілді.

Оқу жаттығу бойынша, ірі қара малды сою және ветеринарлық-санитарлық сараптама кезінде өлекселердің бірінде сібір жарасына тән белгілер анықталған.

Төлеубек Жәкенов, ҚР АШМ ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің екібастұз қалалық аумақтық инспекциясының басшысы:

Шақыру түскеннен кейін мен дереу фермаға келдім. Байқағанымдай ветеринар індетті жұқтырмас үшін алдын алу шараларын дұрыс жүргізген. Малдың денесі жатыр. Мал дәрігері талдау жасап, зертханаға жіберді.

Ветеринария мамандары биологиялық материал үлгілерін іріктеп, зертханаға жеткізу бойынша барлық қажетті іс-шараларды жүргізді.

Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері теорияны тыңдап, практикалық іс-шараларды бақылады. Бүгінгі таңда Екібастұз өңірінде сібір жарасының алдын алу шаралары екпе егу және тұрақты ветеринарлық бақылау арқылы жүргізілуде. Сібір жарасы – жануарлар мен адамдар үшін аса қауіпті жұқпалы ауру.

Зұлқарнай Ермұратұлы