Май ауданының шаруалары қуаңшылық салдарынан малдың қысқы азығын дайындай алмай қалуы мүмкін. Өйткені, биыл Ертіс өзені тасыған жоқ. Ал қырда шөп шықпаған. Шаруалар жаңбыр жаумағандықтан, шөп күйіп кеткенін айтады. Мәселенің мәнісін ауданға арнайы барып келген тілшіміз сабақтайды.

Дастан Оспановтың шаруашылығында 500-дей бас төрт түлік бар. Малын қыстан аман алып шығу үшін қазірден жем шөп дайындауға көшкен. Алайда, биыл қырда шабатын шөп қалмағанын айтады.

Дастан Оспанов, шаруа:

Шөп шабайық десек шөп жоқ. Құрғақшылық. Енді мал ұстаған соң, мына жерді шабайық десек ол жердің иесі бар. Оған кіргізбейді. Оның иесі бар. Шөп алайық десек қымбат, егін алайық десек егінді қымбатқа сатады. Шөп жоқ шабатын, масса жоқ, жауын жоқ.

Биыл Ертіс өзені тасыған жоқ. Бұл аудан тұрғындарына қиынға соғып тұр. Жылда шаруалар қырда шөп шықпағанда, өзен алқабын шабатын. Амалы таусылған шаруалар мал басын азайтуға көшті.

Дәулет Мұхаммедрахим, шаруа:

Қуаңшылық деген қорқыныш бар. Уже шөп шабу басталды. Мен жігіттерден сұрап жатырмын. Шабуға кіірісіп кетті. Массса жоқ дейді. Өйткені, жаңбыр тамған жоқ. Осында марттың аяғында қар болды. Одан бері жаңбыр көрген жоқпыз біз. Жаңбыр жаумаған соң, қурап барады.

Ал өңірдің ауыл шаруашылығы басқармасының есебі бөлек. Олардың сөзінше, алаңдауға негіз жоқ. Малдың қысқы азығын дайындауға қажетті қор барын айтады.

Төлеген Көшербаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

Май ауданында өзен алқабынан бөлек қырда шөп шабуға арналған үлкен жер бар. Бұл аудан шаруаларының малын толық қамтуға жеткілікті. Десе де, мәселе жоқ емес. Шаруаларға жылдағыдан көбірек шығындалуға тура келеді. Өйткені, жер қурап кетті. Шөптің шығымы аз.

Десе де, өңір атқамінерлері шаруаларға 4 мың тонна жеңілдетілген бағада жағар-жанармай алуға көмектестетінін айтады. Оған қоса малдың қысқы азығын дайындау бойынша 2 млрд теңге көлемінде субсидия берілмек.