23 маусым мемлекеттік қызметшілер күніне орай отбасылар арасында дәстүрлі «Отбасым үйім, отбасым тірегім» атты спорттық эстафета ұйымдастырылып, оған 8 команда қатысты. Эстафета мемлекеттік қызметшілердің салауатты өмір салтын ұстануын қолдау, отбасылық қарым-қатынасты нығайту және ұжымішілік достықты арттыру мақсатында өтті. Бір сәт кеңсе қызметінен босап, спортқа ден қоюға мемлекеттік қызметшілер де әрдайым бейілді. Шараның қызықты сәттерін тілшіміз тарқатсын.
Мемлекеттік қызметшілер күніне орай ұйымдастырылған отбасылық спорттық эстафета қоғамдағы белсенді өмір салтын насихаттап, қызметкерлер арасындағы ынтымақтастық пен отбасылық құндылықтарды нығайтуды көздеді. Оған қала мен аудан мекемелерінен келген 8 команда қатысып, әртүрлі спорттық кезеңдерден құралған эстафетада бақ сынады.
Алдымен қатысушылар өз командаларын таныстырып өтті. Бұдан кейін олар төрт түрлі сайыс бойынша бақ сынады. Онда арқан тарту, садақ ату, асық ату және баскетбол добын нысанаға дәл түсіру сынды жарыс түрлері енді. Айта кетейік, спорттық шара жыл сайын Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаменті мен Дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.
СНХ: АСХАТ ЕСКЕНДІРОВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ ДЕПАРТАМЕТІНІҢ БАСШЫСЫ
Спорт шарасын өткізудеміз «Отбасы үйім, отбасы тірегім» атты. Оған қала мен аудандарынан 8 команда қатысуда, отбасының бір мүшесі мемлекеттік қызметші құндықтарды насихаттау болып табылады. Оған дейінде біз 10 шақты шара өткіздік марапаттау болады.
Отбасылық жарасымдылық көрсете білген эстафета жеңімпаздары мемлекеттік қызметшілер күні қарсаңында өтетін салтанатты шарада марапатталатын болады. Жалпы, Павлодар облысында 3800-ден астам мемлекеттік қызметші жұмыс істеп келеді, олардың орташа еңбек өтілі 10 жылдан асады.
Қымбат Садық