Биыл кеншілер шаһарының құрылғанына 68 жыл толып отыр. Көмірмен қатар электрэнергияның өндірісі бойынша көш бастап тұрған қаланың әлеуеті жоғары. Осы күні Екібастұзда спорттық, концерттік шаралар ұйымдастырылды.
Тарихқа көз жүгіртсек, кеншілер қаласы картада 1957 жылы пайда болған, ал 80-ші жылдары елдің ең ірі энергетикалық орталығына айналды. Бүгінде еліміздегі көмірдің жартысы Екібастұзда өндірілетіні кездейсоқ емес, Қазақстанның барлық электрэнергиясының төрттен бірін ГРЭС-1 мен ГРЭС-2 шығарады. Бұл шаһардың мақтанар тұсы. Ал, Екібастұздағы дүбірлі той қалалық саябақта таңнан басталды.
Салтанатты рәсім кешке болды. Онда қала басшысы сөз алып ізгі тілегін білдіріп, әрбір отбасыға амандық тіледі.
АЯН БЕЙСЕКИН, ЕКІБАСТҰЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ
Бүгін жеңістер мен жетістіктерге толы Екібастұз тарихының тағы бір тармағы жазылды. Жылнамасы айшықты сәттермен толықты. Өткен күнге зер салсақ, қаламыздың әр жылы қайталанбас сәттерге толы. Соңғы 68 жылда өңір түрлі әлеуметтік өзгерістерден өтті. Отанымыздың ірі өнеркәсіп ордасына айналды. Қаламызға мемлекет басшылығы тарапынан ерекше көңіл бөлінуде. 10-нан астам ірі жобалар жүзеге асырылды.
Қала тұрғындары мен қонақтары да екібастұздықтарды атаулы датамен құттықтап жатты.
Айта кетейік, қала күні қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен гала-концертпен қорытындыланды.
Самал Қалиқызы