Павлодарда аға буын өкілдерінің құқықтық сауаттылығын арттыру және интернет, телефон алаяқтарының арбауынан қорғау мақсатында маңызды іс-шара өтті. Жиынды Қазақстан Халық партиясының Павлодар облыстық филиалы мен облыстық полиция департаменті бірлесіп ұйымдастырды. Ардагерлер кеңесі алаңында өткен кездесуде түрлі алаяқтық әрекеттердің алдын алу жолдары түсіндіріліп, нақты мысалдар келтірілді.
Маңызы жиынның басты тақырыбы — телефон және интернет алаяқтықтың алдын алу. Оған облыстағы қала және аудан ардагерлер кеңесінің төрағалары шақырылып, оларға анықтамалық материалдар таратылды.
РИЗАБЕК ЖАНАТ, ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ КИБЕРҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ БАСҚАРМА БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Мәселен бір азамат депозитінен бес миллион теңге аударып жіберді. Біз барлығы он тоғыз миллион теңгені уақтылы бұғаттап, есепшоттарды тоқтаттық. Қазір Ұлттық банкпен бірлескен “Антифрод” бағдарламасы іске қосылған. Ал енді бір жағдайда алаяқтар адамды “жол апатына ұшырадыңдар” деп алдап, 18 миллион теңгені балконнан лақтырғызған.
Полиция өкілі алаяқтардың жиі қолданатын тәсілдерін де атап өтті. Қатысушылар да көкейдегі сұрақтарын қойып, толыққанды жауап алды.
РИЗАБЕК ЖАНАТ, ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ КИБЕРҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ БАСҚАРМА БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Құқық қорғау органдары ешқашан азаматтардың жеке деректерін – кодтарын, банк карталарының пин-кодтарын, жеке куәлік нөмірлерін сұрамайды. Олар ешкімді “арнайы операцияға қатыс” деп шақырмайды. Алаяқтар көбіне “немереңізге көмектесіңіз”, “ақша жинап жатырмыз” деген сылтаулармен сенімге кіреді.
Сондай-ақ интернет-дүкендер мен жалған инвестициялық қорлар арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттер де тыйылмай тұр.
РИЗАБЕК ЖАНАТ, ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ КИБЕРҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ БАСҚАРМА БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Егер белгісіз нөмірлерден қоңырау түссе, алмай-ақ қойыңыз. Алаяқтар әдетте қазақша білмейді, мысалы мемлекеттік тілде жауап берсеңіз әңгіме ары қарай жалғаспайды, өздері қоңырауды басып тастауы мүмкін. Банк, «Қазпошта» немесе «Павлодарэнергосервис» өкілі ретінде жалған қоңырау шалатындар да азаймай тұр. Бірқатар осындай қылмыстық топтар ұсталып, істері сотқа жіберілді.
Қазақстан Халық партиясының Павлодар облыстық филиалы төрағасының орынбасары Әлімбек Ағыбаев тәжірибелі заңгер ретінде алаяқтықтан қорғану жолдары мен алаяқтардың құрбанына айналған адамдардың құқықтарын түсіндіріп берді. Мұндай шаралар құқықтық сауаттылықты арттырып, ардагерлерімізді алаяқтардың арбауынан қорғауға көмектеседі.
Қымбат Садық