1 шілдеден бастап елімізде еңбек мобильдігі орталықтары жұмыс істей бастайды. Ал, халықты жұмыспен қамту орталықтары мансап орталықтары болып қайта құрылмақ. Бұл ретте қандай өзгерістер енгізілді?
Еңбек мобильдігі орталықтары еліміздің барлық ірі қалаларында ашылмақ. Барлығы 20 орталық жұмысқа кіріседі. Олар жұмыс күшіне сұраныс пен ұсынысты талдау, өңірлік жұмыспен қамту карталарын әзірлеу, сондай-ақ жұмыспен қамту мақсатында азаматтардың ерікті көші-қонына жәрдемдесуге бағытталған. Мамандардың айтуынша, бұл трансформация жұмыспен қамту қызметін жақсартуға негізделген.
Бірер күннен кейін жұмысын бастайтын мансап орталығы халықты жұмыспен қамту орталығының негізгі функциясын атқарады. Дегенмен, екі қолға бір күрек табуға ниет еткен азаматтар үшін бірқатар оңтайлы мүмкіндік енгізілген.
Бүгінде облыс төңірегінде 13 мансап орталығы халыққа қызмет етеді. Онда өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары қарастырылған. Ал, электрондық еңбек биржасымен облыс халқының 80 пайызға жуығы пайдаланады.
Ақмаржан Қалымбек