Павлодарда кәсіпкерлер сауда саттық нүктелерін басқа жерге көшіруге қарсылық білдірді. Айтуларынша, олар әкімдіктен Гагарин саябағында ойын актракциондары мен балмұздақ сатуға рұқсат алған. Алайда, қала тұрғындарының шағымынан кейін кәсіпкерлерді саябақтың шетіне көшірмек. Бұнымен шағын және орта бизнес өкілдері келіспей отыр. Тараптардың тартысын тілшіміз тыңдап келді.
Бауыржан Әлібеков - Гагарин саябағынан балаларға арналған ойын актракционын ашқан. Алайда, әкімдік бұл жерде қызмет көрсетуге болмайды деп ескерту жасаған. Ол ойын алаңқайын ашуға қомақты қаражат жұмсапты. Енді не істерін білмей отыр.
Бауыржан Әлібеков, кәсіпкер:
Әкімдік біздің актракционды саябақтың адамдар бара бермейтін жеріне қарай көшіруді сұрап отыр. Біз бұл жерге ойын алаңдарын салу үшін қаншама қаражат, қаншама уақыт жұмсадық. Енді бәрі далаға кетейін деп тұр.
Ал Гүлсім Қабекова бұл саябақта балмұздақ, тәтті мақта сатқан. Бірақ, оған да әкімдік өкілдері бұл жерді босатуды талап етіпті.
Гүлсім Қабекова, кәсіпкер:
10 кәсіпкерге осы жерде сауда саттық жасауға әкімдік рұқсат берген. Енді келіп, саябақтың басқа жағына барыңдар - деп отыр. Ол жерге адам бармайды. Жаздың бітуіне де екі ай ғана қалды. Біз осында қалып өз кәсібімізді жүргізгіміз келеді. Бірақ, әкімдік кедергі жасап отыр.
Ал әкімдіктің кәсіпкерлерге айтар өз уәжі бар. Қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы тұрғындардан түскен шағым бойынша осындай шешім қабылдағанын айтады.
Батыр Мүтәліпов, Павлодар қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
Біз бұл саябақта демалыс күндері жай ғана жүріп демалу мүмкін еместігіне көз жеткіздік. Өйткені, айнала толған ойын актракционы және балмұздақ. Сондықтан да, біз адамдардың емен еркін демалуы үшін бұл сауда саттықты 50 метр жерге көшіруге шешім қабылдадық. Өйткені, ата-аналардан көп шағым түсті. Олар балаларын саябақта жай қыдырта алмайды. Бала болған соң, сусын ішкісі келеді. Балмұздақ жегісі келеді дегендей.
Десе де, кәсіпкерлер мен әкімдік бір мәмілеге келе алмады. Алдағы уақытта бөлім басшысы оларға түсіндіру жұмыстарын жүргізбек.
Өзгеріс Қуанар