Негізгі Жаңалықтар «Өз-ағаның жинаған өз мұрасы» атты көрме ашылды

«Өз-ағаның жинаған өз мұрасы» атты көрме ашылды

Қазақтың тарихы мен мәдени мұрасын түгендеп, ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың еңбегі ұмытылмайды. Павлодарда көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф, тарихшы Өзбекәлі Жәнібековтің 95 жылдығына арналған «Өз-ағаның жинаған өз мұрасы» атты көшпелі көрменің ашылуы өтті.


Өзбекәлі Жәнібеков – қазақ халқының салт-дәстүрі мен мәдениетін жаңғыртуға, тарихи жәдігерлерді жинақтап, сақтауға ерекше мән берген тұлға. Көрме Григорий Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінде Арқалық қаласындағы Дала өлкесі тарихы облыстық музейімен бірлесіп ұйымдастырылды. Экспозицияға Арқалық музейінің қорынан алынған 95 құнды жәдігер қойылған.

Батырлан Сағынтаев, Арқалық қаласындағы дала өлкесі тарихы облыстық музейі басшысының орынбасары

Өздеріңіз білесіздер биыл көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф, ғалым, қазақтың көрнекті тұлғасы Өзбекәлі Жәнібеков ағымыздың дүниеге келгеніне 95 жыл толып отыр. Арқалық қаласындағы дала өлкесі тарихы облыстық музейі сол Өз ағаның ең алғашқы ашқан музейі. 95 жылдығына байланысты биыл туған жері Түркістаннан бастап, музейіміздің жәдігерлерін жылжымалы көрмелерге апарып жүрміз. Қазіргі уақытқа дейін Шымкент, Түркістан, Алматы мен Астана және Қостанай қаласында осындай көрмелер өтті. Бүгін сәті түсіп Павлодар қаласына келіп отырмыз.

Көрмеден қайраткердің жеке мұрағат материалдарын, архивтік фотосуреттерін, ұлттық киім үлгілері мен этнографиялық бұйымдарды көруге болады. Сондай-ақ Өзбекәлі Жәнібековтің өзі музейге тапсырған жәдігерлері де ұсынылған.

Батырлан Сағынтаев, Арқалық қаласындағы дала өлкесі тарихы облыстық музейі басшысының орынбасары

Мұнда енді қазақтың этнографиясына қатысты құнды жәдігерлерді, халық батыры Амангелді Имановтың ұстаған қанжарын, Әбілхан Қастеевтың салған портреті, қазақтың ең алғашқы фольклор этнографиялық ансамблінің киім искиздерін, оларджың тұтынған музыкалық аспаптары секілді көптеген құнды жәдігерлерді көре аласыздар. Биыл Өз ағаның 95 жылдығын осы Павлодар қаласымен түйіндейміз деп отырмыз.

Мәдениет саласының өкілдері, өлкетанушылар, ғалымдар мен тарихшылар экспозициямен танысып, қайраткердің ұлттық мұраны сақтау мен насихаттаудағы еңбегіне тоқталды. Көшпелі көрме желтоқсан айының алғашқы он күндігіне дейін Павлодар музейінде жалғасады.


Сабина Жолдаспаева




Бөлісу