Павлодарлық жас музыканттар халықаралық байқауда топ жарды
Елордада «Астана-Мерей» XXII халықаралық орындаушылар байқауы өтті. Беделді сайыста біздің жас өнерпаздар жоғары нәтиже көрсетті. Павлодар музыкалық колледжі мен мектеп-интернатының тәрбиеленушілері гран-при, түрлі медальдер мен арнайы дипломдарға қол жеткізді. Жалпы рекордты 32 жүлдемен оралды.
Астанада Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде «Астана-Мерей» атты беделді байқау өтіп, өнер додасына Қазақстанның барлық аймақтары мен шетелден орындаушылар қатысты. Павлодарлық жас музыканттар бұл додада барлығы 32 марапатқа ие болды. Бұл оқу орнының байқау тарихындағы ең жоғары көрсеткіш.
Серік Сыздықов, «Музыкалық колледж-дарынды балаларға арналған мектеп-интернат» басшысы
Біз үшін өте биік байқаулардың бірі. Ел тәуелсіздігін алғаннан бері өткізіліп келеді, биыл 22 рет ұйымдастырылып отыр. Халықаралық деңгейде. 700 тарта қатысушы тіркелді. Көптеген номинациялар болды, 40 астам қатысушы жібердік, соның ішінде 32 бала жүлдемен оралып отыр.
Ұлттық аспаптар бойынша жоғары нәтижелер тіркелді. «Қылқобыз» номинациясында Айжаннат Әбубәкір Гран-при иеленсе, «Шертер» номинациясында Ермұхан Тұрмыс бас жүлдеге қол жеткізді.
Айжаннат Әбубәкір, халықаралық байқау гран-при иегері
Бәсеке мықты болды. Қобызды таңдағаным дауысы қоңыр. Киелі аспап. Бұрын бақсылар қобызбен адамдарды емдеген. Үні ерекше.
Ермұхан Тұрмыс, халықаралық байқау гран-при иегері
Шығарма «Жезкиік» және «Ақсақ құлан». Шертерде көп ойнамайды. Сондықтан таңдадым.
Сонымен қатар, «Баян-аккордеон» номинациясында Нұримран Ниязбек пен Арслан Жанабай бірінші орын алды. Сол сияқты дәстүрлі ән номинациясында Еркежан Исатай байқау дипломымен марапатталды.
Нұримран Ниязбек, халықаралық байқаудың 1 орын иегері
Прелюдия «Форгетта», «Маленький озорник» және «Полька» ойнадым. Қатты дайындықпен келдім.
Еркежан Исатай, халықаралық байқаудың жүлдегері
Екі ән айттым. «Домбырасыз ән қайда?» және «Гүлдерайым». Мен домбырада үш жыл айналысамын. Өте ұнайды. Үйреніп қалдым.
«Домбыра» номинациясында Әлімжан Нысанбек екінші орын алып, Жанали Абилов дипломант атанды. «Жетіген» бойынша Алуа Сейтенова Өзбекәлі Жәнібеков атындағы арнайы дипломға ие болды. Жас өнерпаздардың жетістігінің артында педагогтер мен концертмейстерлердің зор еңбегі тұрғандығын атап өткен жөн.
Дархан Бекишев