Экологиялық квест ұйымдастырылды
Павлодарда оқушылар мен студенттерге арналған экологиялық квест өтті. Қатысушылар табиғатты қорғауға бағытталған түрлі тапсырмаларды орындап, экологиялық білімдерін ортаға салды. Сондай-ақ тапқырлықтарын танытып, шығармашылық қабілеттерін сынады. Іс-шара «Таза Қазақстан» бастамасы аясында ұйымдастырылды.
Ойынға қатысушылар төрт топқа бөлініп, әрқайсысы жеке бағыт бойынша сайысқа түсті. Квест шартына сәйкес, жастар бірлесе әрекет етіп, берілген тапсырмаларды орындауы керек болды. Олар экологияға қатысты сұрақтарға жауап беріп, түрлі сынақтан өтті. Сонымен қатар қайта өңдеуге жарамды материалдардан шығармашылық бұйымдар жасады.
Арина Краскова, «Jasyl el» Павлодар облыстық штабының басшысы
Бүгін қатысушылар «Аанг туралы аңыз» мультсериалының желісімен әзірленген қызықты квестке қатысады. Олардың басты мақсаты – табиғатты қорғау, топпен бірлесе жұмыс істеу және барлық тапсырманы орындау. Ойын барысында жастар экологиялық білімдері мен қабілеттерін көрсетеді. Сонымен қатар қайта пайдалануға болатын материалдардан түрлі арт-нысандар жасап, шығармашылықтарын танытады.
Экологиялық ойынға Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектептің жоғары сынып оқушылары мен бірнеше колледждің студенттері қатысты. Олардың арасында «Жасыл ел» жобаларына бұрыннан қатысып жүрген жастар да бар. Бұл жолы ұйымдастырушылар қатысушылардың экологиялық сауаттылығын ғана емес, сыни ойлауын, шығармашылығын және топпен жұмыс істеу қабілетін де бағалады.
Роман Свириденко, студент
Мен экология, табиғаттың ластануы және зауыттардың қоршаған ортаға тигізетін зияны туралы көп іздендім. Бұл шараға қызығушылықпен келдім. Себебі мұнда түрлі байқаулар мен сұрақтар болады. Мұндай квестке алғаш рет қатысып отырмын. Көптеген қызықты тапсырмалар болады деп күтемін. Біздің топта 10 адам бар. «Таза Қазақстан» бастамасы жастар үшін өте маңызды деп ойлаймын. Өз қатарластарыма айтарым: қоқысты кез келген жерге тастамаңыздар, айналаны таза ұстап, табиғатқа жанашырлықпен қараңыздар.
Квест қорытындысы бойынша қатысушыларға дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды. Ұйымдастырушылар мұндай шаралар жастардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттырып, қоршаған ортаны қорғауға деген қызығушылығын қалыптастыруға ықпал ететінін айтады.
Сабина Жолдаспаева