Заманауи желілік үдеткіш кабинеті ашылды
Облыстық онкологиялық диспансерде жақсы жаңалық, қатерлі ісікке шалдыққан адамдарға арналған заманауи желілік үдеткіш кабинеті ашылды. АҚШ-та өндірілген жоғары технологиялық қондырғы сәулелік терапияның дәлдігін арттыруға мүмкіндік береді.
Жаңа желілік үдеткіш радиациялық әсерді ісік ошағына бағыттауға және оның айналасындағы сау ағзалар мен тіндерді барынша қорғауға мүмкіндік береді. Мамандардың жоспарына сәйкес, аталған құрылғы арқылы жылына 1200-1500 адам ем қабылдай алады. Ал тәулігіне шамамен 70-80 пациентке процедура жүргізу көзделген.
«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры 2022 жылдан бері Павлодар облысында жалпы құны 13,5 миллиард теңгені құрайтын жобаларды жүзеге асырған. Жаңа радиотерапиялық кешен – өңірдің медициналық инфрақұрылымын жетілдіруге бағытталған бастамалардың бірі. Бұдан бөлек, ұйым онкологиялық дертке шалдыққан адамдарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге де үлес қосып келеді.
Павлодар облысында онкологиялық аурулардың таралу көрсеткіші республикалық деңгейден жоғары. Соған қарамастан, жергілікті онкологтар мен алғашқы медициналық көмек мамандарының үйлесімді жұмысының арқасында соңғы жылдары дерттен болатын өлім-жітім төмендеген.
Жаңа кабинеттің іске қосылуы Павлодар облысында онкологиялық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға жол ашады. Сонымен қатар, күрделі ем алу үшін өзге өңірлерге баруға мәжбүр болатын тұрғындардың санын азайтуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, өңірлік онкологиялық орталық 2019 жылы пайдалануға берілген. Бүгінде аймақта сәулелік терапиямен қамту деңгейі 72 пайызға жеткен. Бұл – республикадағы орташа көрсеткіштен жоғары нәтиже.
Самал Қалиқызы