Қызмет алушылар күнінде тұрғындардың баспана мәселелеріне назар аударылды
Баспана жайы тұрғындардың мемлекеттік органдарға жүгінуіне себеп болатын негізгі мәселелердің бірі. Алайда қай мекемеге жүгіну керек, қандай құжаттарды дайындау қажеттігін анықтау тұрғындарға оңай болмай жататыны бар. Павлодар қаласында азаматтарға қызмет алушылар күні ұйымдастырылып, онда азаматтар түрлі мемлекеттік мекемелердің мамандарынан кеңес алып, туындаған мәселелерді шешу жолдарын білді.
Азаматтармен кездесуге тұрғын үй қатынастары саласына жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдері қатысты. Тұрғындар мамандарға тікелей жүгініп, өздерін толғандырған мәселелерін айтып, қажетті түсініктемелер алды.
Назигүл Наскенова, Павлодар облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері департаменті мемлекеттік қызмет басқармасының бас маманы
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен Павлодар облысының тұрғындары үшін тұрғын үй қатынастары саласы өкілдерінің қатысуымен «Азаматтарға қызмет алушылар күні» өткізудеміз. Іс-шара барысында облыс тұрғындары осы салаға жауапты уәкілетті органдар мен ұйымдардан кеңес алып, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алуда. Сонымен қатар кездесуде тиісті мемлекеттік органдардың қызметі таныстырылып, ақпараттық парақшалар таратылды және баннерлерге көрнекі ақпараттар орналастырылды.
Мұндай кездесулер – тұрғындардың мемлекеттік органдармен байланысын жеңілдетудің бір жолы. Көмек алған азаматтардың бірі – Павлодар қаласының тұрғыны Клара Аркенова ПИК жұмысындағы заңдылықтарға қатысты сұрғанымен келіпті.
Клара Аркенова, Павлодар қаласының тұрғыны
Мен пәтер иелері кооперативіндегі жинақтаушы қор мәселесі бойынша келдім. Оның қаншалықты заңды әрі құқыққа сай екенін білгім келді. Маған бәрі дұрыс екенін түсіндірді. Осылайша, өз мәселемнің шешімін таптым.
Бұндай кездесулерден бөлек, уәкілетті органға қашықтан да жүгінуге болады. Ол үшін Мемлекеттік қызмет істері агенттігі EgovKzBot2.0 Telegram-ботында арнайы функцияны іске қосты. Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері департаментіне аталған платформа арқылы қазірдің өзінде 120-дан астам өтініш келіп түскен. Оның 59-ы бойынша заңбұзушылықтар расталып, азаматтардың құқықтары қалпына келтірілген.