Халықаралық сапа стандарттары: болашақ педагогтерге жаңа мүмкіндік
Бейсен Ахметов атындағы жоғары педагогикалық колледж халықаралық аккредиттеуден сәтті өтті. Нәтижесінде «Негізгі орта білім берудегі тіл мен әдебиетті оқыту әдістемесі» білім беру бағдарламасы бойынша «Шетел тілі мұғалімі» біліктілігі халықаралық «City & Guilds» стандарттарына сәйкестігін растады.
Халықаралық аккредиттеу колледж үшін ғана емес, өңірдегі білім беру саласы үшін де маңызды қадам болды. Сарапшылар тарапынан бағалау жұмыстары үш кезеңге бөлініп жүргізілді. Алғашқы кезеңде сарапшылар колледждің материалдық-техникалық базасын, оқу жағдайын және білім беру бағдарламасын тексерді. Екінші кезеңде оқытушылар арнайы дайындықтан өтті. APEC Training Center мамандарының қолдауымен колледждің 10 оқытушысы біліктілігін арттырып, білім сапасын басқарудың заманауи тәсілдерін меңгерді.
Роза Баймұхамбетова, оқу жұмысы жөніндегі басшының орынбасары
Бүгін колледжіміздің тарихында айтулы әрі шын мәнінде тарихи оқиға орын алды. Шетел тілі мұғалімі білім беру бағдарламасы бойынша «City & Guilds» халықаралық акредиттеуден өттік. Халықаралық акредиттеу аясында колледждің қызметі мен білім беру бағдарламасы білім беру қызметінің негізгі бағыттарын қамтитын сапаны қамтамасыз етудің 8 стандарты бойынша бағаланды. Халықаралық акредиттеу білім беру қызметінің сапасын бағалау, қалалық стандарттарға сәйкестігін растау, педагогикалық ұжымның кәсіби шеберлігі мен үздіксіздігін дамуға деген ұмтылысын дәлелдеді.
Қорытынды кезеңде 15 студент арнайы сынақтан өтті. Олардың кәсіби пән бойынша білімі тексерілді және сарапшылардың бақылауымен сабақ жоспарын әзірлеп, оқушыларға сабақ өткізді. Осылайша болашақ педагог мамандар тілдік білімін, сабақ беру әдістемесін және оқушылармен жұмыс істеу қабілетінтерін көрсетті.
Малика Кабикен, колледж студенті
Халықаралық аккредитацияға қатысу мен үшін маңызды әрі құнды тәжірибе болды. Бұл үдеріс барысында біз кәсіби пән бойынша тестілеуден өтіп, сабақ жоспарын дайындап, сабақ өткіздік. Басында қобалжу болғанымен, сабақ барысында өзімді еркін сезіндім және теориялық білімді тәжірибеде қолдануға мүмкіндік алдым. Бұл тәжірибе мен үшін болашақ маман ретінде өзімді танытып және кәсіби жолымда сенімді қадам жасауға мүмкіндік берген маңызды кезең болды.
Халықаралық аккредиттеу - оқу ордасының халықаралық стандартқа сай сапалы білім беруге қажетті мүмкіндіктері мен тәжірибесі бар екенін көрсетті. Енді Бейсен Ахметов атындағы жоғары педагогикалық колледжі - білім беру үдерісін заманауи талапқа сай жетілдіріп, білім беру кеңістігінде халықаралық ынтымақтастықты дамытуды жалғастырады.
Сабина Жолдаспаева