Жарақаттанған бүркіт табылды
Екібастұз қаласына жақын маңнан жарақаттанған бүркіт табылды. Құстың қанаты зақымданып, көмекке мұқтаж болған. Оқиға орнына Павлодар орман шаруашылығы мекемесінің қызметкерлері барды. Белгілі болғандай, бұл – Қазақстанның Қызыл кітабына енген жыртқыш құс екен.
Мына кадрлардан Екібастұз тұрғыны байқаған дала қыранын көруге болады. Құс қаладан шамамен 20 шақырым жерде, Майқайың бағытындағы жол бойынан табылған. Әйел құсты видеоға түсіріп, мамандарға хабар берген. Оқиға орнына жеткен орманшылар бүркітті ветеринарларға көрсету үшін алып кетті.
Аждар Жүсіпов, Павлодар орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің басшысы
Сол қанаты буынынан шығып кеткен. Оны орнына салу енді мүмкін емес. Оған хирургиялық операция жасау керек. Ол үшін рентгенге түсіріп, газды наркоз беріп, содан кейін ота жасау қажет. Бізде ондай мүмкіндік жоқ. Сондықтан әзірге оны Павлодарское ауылына уақытша орналастырамыз.
Дала қыраны – қаршығалар тұқымдасына жататын жыртқыш құс. Павлодар облысында бұл құстар көбіне Баянауыл ауданында кездеседі. Қыранның Екібастұз маңына қалай келгені және оның жарақат алуына не себеп болғаны әзірге белгісіз. Дегенмен жергілікті тұрғынның бейжай қарамай, мамандарға хабарлауының арқасында жараланған құс құтқарылды.
Самал Қалиқызы