Негізгі Жаңалықтар Павлодарда көпқабатты үйлердегі өрт қауіпсіздігі мәселесі талқыланды

Павлодарда көпқабатты үйлердегі өрт қауіпсіздігі мәселесі талқыланды

Павлодарда жыл басынан бері көпқабатты тұрғын үйлерде 25 өрт тіркелген. Осыған байланысты қалалық төтенше жағдайлар басқармасы пәтер иеленуші кооперативтер және мүлік иелерінің басшыларымен кездесіп, жылыту маусымында қауіпсіздікті күшейту шараларын талқылады.

Павлодар облысында тіркелген өрттің 40%-ы көпқабатты үйлерге тиесілі. Жиі кездесетін жағдай сымдардың қысқа тұйықталуы мен электр құрылғыларды абайсыз пайдалану. Бір пәтердегі өрескел қателік, бүкіл үй тұрғындарына қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан үйге қызмет көрсетуші ұйым басшыларымен арнайы кездесулер жиі өткізілуде.

Рүстем Оразбай, Павлодар қаласы ТЖБ аға инженері

Осы жиындардың басты мақсаты тұрғындарға қарапайым ережелерді түсіндіру, өрттерді алдын алу болып келеді. Жылдың басынан бастап, көпқабатты үйлерде 25 өрт тіркелді. Осындай жиын, шаралардың арқасында тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін сақтауға, өрттерді алдын алуға бағытталған жұмыстарды ұйымдастырамыз.

Өкінішке орай, Павлодардағы көпқабатты үйлерде кіреберістер мен баспалдақ алаңдары артық заттарға, құрылыс материалдар мен қоқыстарға толуы үйреншікті жағдайға айналға. Бұл өрт кезінде эвакуациялық жолдардың ашық болуына, тұрғындардың жедел шығуына кедергі келтіреді.

Балшакар Мұқанова, ПИК төрағасы

Бұндай проблемалар әр үйде бар. Тұрғындарға айтсақ ұқпайды. Коляска, велосипедтерді электр қалқанның қасына қоймаңдар де айтамыз. Өте қауіпті, өрттен сақтасын деп. Бүгін жиынға тәжірибе алуға келдік. Пікір алмасып, мәліметтермен бөлісіп, жақсы танысуға келдік.

Мамандар техникалық қабаттарды үнемі тексеріп, ескі электр сымдарының жарамдылығына назар аударуға да шақырды. Бірінші қабаттарда орналасқан сауда нысандарының өрт қауіпсіздігі де назардан тыс қалмады. Ашық пікір алмасу форматында өткен жиын тұрғын үйлердегі өрт қаупін азайту үшін қызмет көрсетуші ұйымдар мен төтенше жағдайлар қызметінің бірлескен жұмысы маңызды екенін көрсетті. 

Дархан Бекишев


Бөлісу