Биыл 1 қыркүйектен бастап үй жануарларын есепке алу енгізілмек. «Жануарларға жауапкершілікпен қарау» заңына сәйкес үй жануарларына чип салу немесе есепке қою міндетті болмақ.


Елімізде бұған дейін үй жануарларын чиптеу ерікті түрде жүргізілсе, 1 қыркүйектен бастап есепке қою міндеттелмек. Чиптеу құны 4 500 теңгені құрайды. Ал, халықтың әлеуметтік осал топтарына бұл қызмет тегін негізде көрсетілмек. Чиптеу туралы барлық мәлімет «Танба» бірыңғай базасына енгізіледі.

Ғалым Бейсенов, ветеринария және лицензиялау бөлімінің басшысы:

Танба ақпараттық жүйесі Еңбек министрлігінің базасымен біріктірілген. Онда жануардың иесі халықтың әлеуметтік осал топтарына жатқызылатына көрсетіледі. Үй жануарларын есепке алмағаны үшін жеке тұлғаларға 10 АЕК, заңды тұлғаларға 30 АЕК айыппұл салынады.

Чиптеу үшін ветеринарлық клиникаға жүгінген жөн. Онда жануарға инъекция жасалады. Ол үй жануары жоғалған немесе қашып кеткен жағдайда оңай табуға мүмкіндік береді.

Анастасия Яковлева, ветеринар:

Чиптеу процедурасы өте оңай. Бұл кішкентай Чип түріндегі ауыртпалықсыз инъекция. Кішкентай күріш дәні түрінде тері астына енгізіледі, ал құрамында сәйкестендіру нөмірі болады.

Чиптелгеннен кейін жануар иесіне ветеринарлық төлқұжат беріледі. Онда жануардың 15 таңбалы сәйкестендіру коды,ол туралы ақпарат, сондай-ақ иесінің байланыс деректері және медициналық тарих сияқты негізгі ақпарат көрсетіледі.


Ақмаржан Қалымбек, Валентина Леонова