Павлодарда ел есінде қалған тарихи тұлға туралы тағылымды кітаптың тұсауы кесілді. С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада ақын, журналист, қоғам қайраткері Сәдуақас Шормановтың 175 жылдығына арналған жаңа кітаптың таныстырылымы өтті. Шараны мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі ұйымдастырды.

Сәдуақас Шорманов - халқымыздың рухани тарихында өзіндік орны бар, ел болашағына алаңдаған тұлға. Шормановтар әулетінен шыққан Сәдуақастың есімі кезінде қазақ даласының түкпір-түкпіріне танымал болды. Зерттеу барысында мұрағат құжаттары мен сирек деректер пайдаланылған. Сондықтан бұл еңбек – қоғам қайраткерін жан-жақты ашып көрсететін маңызды туынды.

Әділбек Әміренов, филология ғылымдарының кандидаты

Ерекше бір атап өтетін жайт, парсы әдебиетінің терминдері өте көп қолданылады. Күні күнге дейін Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің Мұса Шормановқа қатысты шығарған жоқтауы бар. Оны біз жоқтау деп жүрміз, ал Сәдуақас Шорманов бұны жоқтау емес мұнақип деп атайды. Мұнақип деген парсы әдебиетінде белгілі бір тұлғаның қоғамда өмір сүрген адамның халыққа қызмет еткен. Соның барлық жақсы қызметтері, қандай жұмыс атқарды соның бәрі аталады.

Жаңа кітапқа тұлғаның сирек кездесетін еңбектері енген. Атап айтқанда, Санкт-Петербургтегі Салтыков-Щедрин атындағы кітапханада сақталған «Басшы» қолжазбасы мен 1907 жылы Қазанда жарық көрген «Аушы» шығармасы. Бұған қоса, Сәдуақастың қоғамдық қызметі, ағартушылық еңбегі және публицистикалық мұрасы терең зерттеліп, жинақталған.

Әділбек Әміренов, филология ғылымдарының кандидаты

Сәдуақас Шормановтың өзінің өлеңдері бар. Өзінің өлеңдерінде Абайға ұқсайтын жерлері бар. Мысалы, әйелдер туралы өлең бар. Осы кезде, жалпы қазақ қызының портретін жасайды. Өте керемет портреті шығады. Бұл Абайдың «қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» деген өлеңіне сәйкес келеді. Бірақ, екуінің теңеулері, қыздың сұлулық портретін беруі екі түрлі. Соны қараған кезде, суретшілер сол өлеңге қарап портрет салатын болса, қазақтың қызының әдемі портреті шығады.

Бұл кітап – тек бір адамның өмірі ғана емес, бүтін бір дәуірдің тарихы. Ұлт мүддесі үшін күрескен қайраткердің өмір жолы арқылы жас оқырман жаңа қырлармен таныса алады. Жаңа туынды – тарихтың үнсіз қалған беттерін сөйлететін құнды еңбек.

Сәдуақас Шорманов – ұлт мүддесі үшін күрескен, артында өшпес із қалдырған тұлға. Оның өнегелі өмірі мен мұрасы бүгінгі ұрпаққа үлгі.

Сабина Жолдаспаева