Ғалым Сұлтанов атындағы Павлодар облыстық ауруханасында тізе буынын ауыстыру бойынша жылына 500-ге жуық операция жасалады екен. Әлбетте бұл сырқатпен жүгінетін науқастар бұдан да көп. Сондықтан дәрігер тұрғындарға жиі қозғалып, артық салмақтан арылуға шақырады.

Павлодар қаласының тұрғыны Владимир Германның жасы 66-да. 2 жыл бойы тізесі ауырып, аяғын сылтып басатын болған. Соңғы кезде қатты ауырсынулар шыдатпай, дәрігерге жүгінген.

Владимир Герман, емделуші

Түрлі майларды алып жағатынмын, дәрі салатынмын басылады деп ойладым. Аяқтарым кезек кезек ауыра бастады. Соңғы уақытта тіпті шыдатпады. Ал, ота жақсы болды. Қазір біртіндеп балдақпен жүре бастадым. Немерем келеді, қазір далаға ақырын шығып кездесемін.

Тізе буынының ауруы жамбастан басталады. Ол ауырсынулар күнде күшейе бастайды. Кейбір науқастар тіпті өз бетімен аяқ киімдерін кие алмайды екен.

Андрей Пороховой, Павлодар облысы Ғ.Сұлтанов атындағы аурухананың бөлім меңгерушісі

Аталмыш ауру жастарда қазір жиі кездеседі. Көбінесе әрине зейнет жасындағы науқастар келеді. Ортопедиялық ауытқушылықтары бар жастар да келіп, операция жасатып жатады. Ревматоидті артритпен де келеді. Ковидтен кейін де біраз аурулар асқынуларға жетті. Онда буындар бұзыла бастайды. Ол кездердің барлығында осы операция қажет.

Ота барлық пациенттерге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында жасалады. Ақылы болса операцияның құны 1,5 млн теңгенің шамасы.

Андрей Пороховой, Павлодар облысы Ғ.Сұлтанов атындағы аурухананың бөлім меңгерушісі

Тізе буынын ауыстыру операциясы 1,5-2 сағатқа жалғасады. Импланттар екі түрлі, америкалық және неміс өндірісі. Бұл жағдайдың ауырлығына байланысты. Бір адамға ота жасау үшін бір бригада жүреді. Тозған тізе буынының орнына жасанды имплант буын қойылады.

Кез келген сырқаттың алдын алуға болады. Осы ретте тізе буындары ауруының профилактикасы - артық салмақтан арылу дейді дәрігер. Буындарға жүктеме артқан сайын, олардың бұзылуы ерте басталады екен.

Андрей Пороховой, Павлодар облысы ғ.сұлтанов атындағы аурухананың бөлім меңгерушісі

Бүгінгі таңда күн сайын бізде тізе буынын ауыстыру бойынша 3 ота жасалады. Бөлімшеде жылына 500-ге жуық эндопротездеу операциясы жасалады. Бірақ жыл сайын бұл көмекке жүгінетін науқастар көбейіп келеді.

Айта кетсек, Павлодар облыстық ауруханасында тізе буындарын ауыстыру оталары 2013 жылы бастап жасалады.

Самал Қалиқызы