Ақмола облысында сібір жарасы етек жайып барады. Қауіпті кесел 10-нан аса адамға жұққан. Облысымызда аурудың алдын алу мақсатында қандай шаралар өткізіліп жатыр? Қажетті құралдар жеткіліті ме?

Күйдіргі дерті тұрғындарға малдан жұққан. Науқастардың барлығы –Ақмола облысы Жарқайың ауданы Үшқарасу ауылының тұрғындары. Қазір мұнда дезинфекция жүргізіліп, байланысқан адамдарға медициналық бақылау белгіленген. Ауыл карантинге жабылып, кіре беріске бекеттер орнатылған. Қауіпті індеттің өңірімізге әсері туралы облыстық ветеринария басқармасының мамандары түсініктеме берді.

Асылтас Тілеубаев, облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары:

Бізде жыл сайын сібір жарасына қарсы ветеринарлық-профилактикалық шаралар жүргізіледі. Бүгінгі таңда жылдық жоспардың 60 пайызы орындалды. Ауыл шаруашылық жануарларын вакцинациялау, яғни егу ірі қара мал, қой мен ешкілер, жылқы және шошқаларды егу. Осы Ақмола облысында болып жатқан жағдайға байланысты Ақмола облысымен шектесетін Павлодар облысының Ертіс ауданының ауылдық округтерінің және де Екібастұз қаласының ауылдық округтеріне мониторинг жүргізіліп жатыр. Жаңағы осы көктемгі, күзгі егу жұмыстарының дұрыстығын тексеру бойынша. Жаңағыдай 100 пайыз охват болу керек сол округтардың.

Облысымызда күзгі төрт-түлікті вакцинациялау жұмыстары аяқталған. Бұл кесел түрі ауыл шаруашылық жануарларынан адамға жұғатын болғандықтан, оның алдын алу мақсатындағы негізгі іс – вакцинация. Сол себепті, қазір төрт-түлікті індетке қарсы егу жұмыстарына жіті назар аударылады.

Жұлдыз Қабылденова