Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Павлодар облысы бойынша филиалы танымдық экскурсия ұйымдастырды. Онда балаларға цифрлық сауаттылық, алаяқтарға алданбаудың жолдары жайлы айтылып, халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысы туралы баяндалды.
Шара республикалық «Қазақстан балалары» онкүндігі аясында өтті. «Кибер Тұмар» күніне орай ХҚКО қызметкерлері өз жұмыстары туралы айтып, оқушылар офлайн және онлайн форматта қолжетімді мемлекеттік қызмет түрлерімен танысты. Ерекше назар Мемлекеттік корпорацияда енгізіліп жатқан заманауи технологияларға аударылды. Сонымен қатар, балалар жеке деректерді қорғау, ақпараттық және киберқауіпсіздіктің негізгі ұғымдары бойынша базалық білім алды.
Асылбек Сапарбек, «Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы» кеақ павлодар облысы филиалының басшысы
Кішкентай кезінен бастап сауаттылыққа үйретіп, әсіресе интернет алаяқтықтың алдын-алу мақсатында, балалар басқа да сайттарға кіріп психологиялық жағдайларға түсіп қалмас үшін біз осыны үйретіп жатырмыз. Қызметтерді қалай алады, процестер қалай жүреді? Бәрін көрсетіп жатырмыз. Балалар еліміздің болашағы. Олардың сауатты, бәсекеге қабілетті болып өсуіне біз мүдделіміз.
Балалар бәрін аса қызығушылықпен тыңдап, сұрақтарын қойды. Ойларын айтты. Экскурсия соңында барлық қатысушыларға Мемлекеттік корпорацияның қызметі мен интернеттегі қауіпсіздік негіздері туралы алған білімі үшін сертификаттар табысталды.
Данель Киреева, оқушы
Достарыма алаятықтың құрбаны болуы мүмкін қадамдардан аулақ болуға шақырамын. Күдікті, бөтен қоңырауларды қабылдамай, картаның блокталғаны туралы хаттарға да жауап бермеу қажет. Ондайға сенбеуге кеңес беремін. Кибербуллингке ұшыраған жағдайда мүғалімдері мен ата-аналарына дереу хабарлау керек.
Экскурсия Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қолдауымен өтті. Мақсаты – оқушылар арасында саналы әрі қауіпсіз цифрлық мәдениетті дамыту, сондай-ақ цифрлық сауаттылықты қалыптастыру.
Жанасыл Серікбол