Қазақстандық арудың «Реал Мадрид» клубымен келісімшартқа отырғаны туралы жаңалық бүкіл елге тарады. Әлемге танымал брендтің штаб-пәтерінде жұмыс істеу қандай екен? Біз жерлесіміз Альбинамен байланысқа шығып, өзінен сұрап білдік.
Павлодар қаласының тумасы, №29 мектептің түлегі Альбина Бунеску «Реал Мадрид» клубына жұмысқа шақырылған алғашқы қазақстандық. Бұл жай ғана сәттілік емес, мақсатты түрде жасалған бірнеше маңызды таңдаулардың нәтижесі. Альбина алдымен елімізде жылжымайтын мүлік сатып алудың орнына шетелде білім алуға шешім қабылдайды. Кейін ол Real Madrid Университетіндегі спорттық маркетинг факультетінің төрт үздік студентінің бірі атанып, әйгілі футбол клубында жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болады.
Альбина Бунеску, спорттық маркетолог
Қазір міне матч алдында мұнда лекция өтеді. Онда Реал Мадрид брендіне қатысты демеушілер мүмкіндігі айтылатн болады. Әрине, мен үшін бұл өте керемет мүмкіндік. Мен тұрған стадионның өзі де өте әдемі. Осы клубта жұмыс істеп жатқаныма қуаныштымын.
Альбина Real Madrid стадионының Маркетинг департаментіне бөлінді. Мұның бәрі, маркетинг саласындағы 13 жылдық тәжірибе арқылы келген. Ал магистратурадағы оқуын ол спорттық инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне арнауды жоспарлаған. Қазір Альбинаның назарында — футбол клубының үй аренасы «Сантьяго Бернабеу» стадионының жобалары мен бәсекелестерді сараптау жұмыстары тұр.
Альбина Бунеску, спорттық маркетолог
Мен өзімді футбол клубының бұрынғы құрамының жанкүйері деп айтар едім, себебі менің абсолютті фаворитім – Роналдо Криштиан. Мен оны тек спортшы ғана емес, сондай-ақ әлемдегі ең мықты маркетологтардың бірі деп санаймын. Ал футболға келер болсақ, өзімді жанкүйермін деп айта алмаймын. Жұмыста да, оқуда да бізге ең бірінші айтқандары – спортқа деген жанкүйерлікті спорт менеджментімен араластырмау керек деді, себебі бұл екі түрлі нәрсе. Ал өзіме келсек, спорт түрлерінің ішінен мен теннистің жанкүйерімін.
Футбол клубымен жасалған келісімшарт үш айға созылады. Болашақта Альбина Қазақстанға оралып, отандық спорт индустриясын дамытуға ниетті. Мәселен, елімізде стадиондар тек салынумен шектелмей, өз-өзін қаржыландыра алатын жүйеге көшкенін қалайды.
Қымбат Садық