Баянауыл ауданы Торайғыр ауылының мектебіне биыл 60 жыл толды. Мерейтойға орай білім ошағында салтанатты шара ұйымдастырылды. Оған ардагер ұстаздар мен мектеп түлектері, ауыл тұрғындары қатысты. Шараға арнамыздың түсірілім тобы да куә боп қайтты.
Торайғыр ауылының мектебі сонау 1964 жылы салынды. Ол кезде аралас мектеп болады. Ауылда кадрлар тапшы, оқу құралдары жеткіліксіз болса да сол кездегі алғашқы ұстаздар өз істеріне адал болып, бар ықыласымен еңбек етті. Олар балаларға тек білім ғана емес, өмірлік ұстаным, адамгершілік, еңбекқорлық қасиеттерін де сіңіре білді.
Бақыт Арыстанбеков, ардагер ұстаз
Мектептің осы 60 жылдығы маған тікелей өте жақын. 30 жыл осы мектепте қызмет істеген адаммын, сонда 60-тың 30-ын жасадым. Сосын семья жағдайыммен Қарағандыға көшіп кеттім. Сондықтан осы мектептке тілерім осы қалпынан артық болсын, Елге, жерге абыройлы ұжым болсын.
60 жыл тек бір ұжымның тарихы ғана емес, бүтін бір ұрпақтың тағдыры тоғысқан, жүректерге із қалдырған рухани мекеннің мерейтойы. Бұл жылдары мектептен талай түлек ұшып шықты. Олардың әрқайсысы қазір білікті маман, қай салада еңбек етсе де, өз мектебін мақтан тұтып, әрқашан еске алып жүреді.
Рымкеш Жәкенова, мектептің алғашқы түлегі
Мектебіміз енді ол жылдары ашылғанда қазіргі заманауи емес ғой, бірақ өзімізге сондай әдемі мектеп болды.Қазір енді көп өзгерді, технология дамғына заман. Одан кейін өзім мұғалім болыпа қызмет жасадым, осы мектептен пеняиға шықтым.
Биыл мектепті 8 оқушы аяқтады, олардың үшеуі үздік аттестатқа үміткер. Ал, 1 сыныпқа 10 оқушыдан өтініш түсіпті. Жылдар өте келе мектеп материалдық жағынан да, кадрлық тұрғыдан да нығая түсті.
Әсем Жәкенова, С. Торайғыров атындағы ЖОББМ директоры
Бүгінгі таңда мектепте 122 оқушы білм алуда. 31 мұғалім, 4 тәрбиеші қызмет етуде, 29 кіші қызметкер қызмет етеді. Даярлық тобында 10 тәрбиеленуші бар. Екі шағын орталығымыз бар мектебімізге қарасты. Балаусада – 9 тәрбиеленуші, Балбөбекте – 25 тәрбиеленуші білім алуда.
Мұнан кейін салтанатты шара мәдениет үйінде концертке ұласты. Әр жылдардағы түлектер арнайы құттықтап, сый-сияпат тарту етті. Жиналған қонақтар көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты. Осылайша білім ордасының 60 жылдығы ел жадында сақталатын мазмұнды мерекеге айналды.
Қымбат Садық