Ақсу қаласында «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында ауқымды шара ұйымдастырылды. 7 алаң орнатылып, бір уақытта жастар заңбұзушылыққа қарсы екенін білдірді. Толығырақ тілші сюжетінде.
Мемлекет басшысы жылдың басында заң және тәртіп мемлекет пен қоғамның басты қағидатына айналуы керектігін айтқан еді. Содан бері тұжырымдама аясында жер-жерде түрлі шаралар қолға алынды. Кезектісі Ақсу қаласының орталық саябағында ұйымдастырылды.
Ирина Темірғалиева, ПД есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасының бөлім бастығы
«Заң және тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында Ақсуда заңбұзушылықтың алдын алуға бағытталған шара өтіп жатыр. Жастарға салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ұйымдастырылып отыр. Бірнеше алаң болады, балалар сурет салады, спорттық іс-шараларға қатысады.
Ауқымды шара облыстық прокуратура қызметінің бастамасымен өтті.
Алмас Амангелдинов, Ақсу қаласының прокуроры
Ақсу қаласында бүгін ауқымды шара ұйымдастырылды. Алдымен әрине құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған. Мақсат қоғамда нөлдік төзімділікті болдырмау, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, халық пен билік арасындағы алтын көпірді сақтап қалу. Есірткіні жұмыла ғана жеңе аламыз.
Шара аясында Ақсу қаласында 7 локация ұйымдастырылды. Онда балалар сурет салды, футбол, хоккей ойнады. Кейін жастарға Ақсу қаласы полиция бөлімінің жедел әрекет ету жасағы мен кинологиялық қызметі таныстырылды.
Залмұқан Арынов, Ақсу қаласының құрметті азаматы
Бүгінгі күннің үлкен бір тәрбиелік мәні бар. Тәрбиесіз алған адамзаттың қас жауы деген сөз бекер айтылмаған. Тәртіп, тәрбие қайда болсын алда болу керек. Бүгінгі қаламыздағы шара «Заң мен тәртіпті» біз қадағалауымыз керек. Біз ардагерлер жастарға тәрбие беруге ұмтыламыз.
Шараны әлеуметтік желіде күші бар блогерлер де қолдап отыр.
Владимир Кириченко, блогер
Негізі айдан анық нәрсе, лудомания және есірткілер өте жаман нәрселер. Жақсылыққа ешқашан әкелмейді. Сондықтан достар, бұдан барынша алыс жүруге тырысыңыздар.
Сондай-ақ, мектеп оқушылары үшін Ақсу қаласы полиция бөлімінің жедел басқару орталығына экскурсия ұйымдастырылды. Орталық пилоттық режимде жұмыс жасап тұр.
Санат Тиканов, Ақсу қаласы ПБ кезекшілік бөлімнің бастығы
Ақсу қаласында 72 камера орнатылды. Жылдамдықты өлшейтін 5 жылдамдық өлшегіш қойылды. Камералар қала мен аулаларда бар. Ол арқылы адамдардың түрі, көліктердің нөмірлері көрінеді, бұл заңбұзушылық кезінде адамды табуға көмектеседі. Автоматты роботталған, әр аумақты қамтиды. Айта кетейік, тағы 52 камера орнатылады.
Соңғы уақытта елімізде балалардың қатысуымен түрлі жағдайлар жиілеп кетті. Әсіресе жаз уақытында демалысқа шыққан жастар жол көлік апаты, әлімжеттік, құқықбұзушылыққа ұшырайды. Сондықтан тәртіп сақшылары, мемлекеттік орган өкілдері балалардың үнін тыңдауға әркез әзір.
Самал Қалиқызы