Қаламыздағы мектептердің бірінде осымен бесінші жыл қатарынан ұлағатты ұстаздар есімімен оқушыларға сыйақы беріліп келеді. Осы уақыт ішінде 150 бала аталған премияға ие болған. Биылғы оқу жылының соңында тағы 30 оқушыға берілді.
Қаламыздағы №17 мектепте 2020 жылдан бастап үздік, дарынды оқушыларға Ақмарал Машрапова мен Владимир Горемыкиннің сыйақылары тағайындалды. Бұл екі азамат аталмыш білім ордасында жылдар бойы еңбек етіп, талай шәкірт тәрбиелеген. Игі істі мұғалімдердің ұрпағы да қолдап отыр.
Дияр Машрапов, Ақмарал Машрапованың ұлы
Мен Ақмарал Темірболатқызының ұлымын. Осыдан бес жыл бұрын аталмыш мектепте анамның құрметіне арнайы сыйақы тағайындалған болатын. Біз бұл сыйақының демеушісі болып, мектептің дамуына өз үлесімізді қосып келе жатқанымызға қуаныштымыз.
Сыйақы оқу жылында жақсы нәтиже көрсеткен оқушыларға табысталады. Ол білім, спорт, шығармашылық, қоғамдық іс-шараларға қатысқан үздіктерге беріледі.
Жанәділ Ербол, №17 ЖОББМ 4-сынып оқушысы
Мен турнирге қатысып, бірінші орын алдым. Бұл мен үшін үлкен қуаныш. Жаттығулар мен тынымсыз еңбектің жемісі деп білемін. Жаттықтырушының кеңесін тыңдадым. Ең бастысы соңына дейін күрестім. Қолдаған ата-анама, сыныптастарыма көп рахмет.
5 жыл ішінде 150-ге жуық оқушы сыйақы алған, ал биыл 31 балаға табысталады. Мектеп ұстаздары да бұл шараны қолдап отыр. Біріншіден, ұлағатты ұстаздар есімі ұлықталады, екіншіден жастарға жаңа белеске өтуге ынталандыру деп санайды.
Гүлмира Шаймардан, №17 ЖОББМ қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Машрапова Ақмарал Темірболатқызының әріптесі болғанмын. Ол кісі саналы ғұмырында білім берумен айналыса отырып, бала тәрбиелеген. Ол кісі біздің жүрегімізде орын алған, өйткені ұлағатты ұстаз болғандықтан. Қазақ мектебінің ашылуына атсалысқан ұстаздардың бірі.
Аталмыш сыйақы оқушыларды ынталандырады. Олар өз кезегінде бұл шараға жауапкершілікпен қарайды. Жыл соңында құрметке бөлену үшін, жыл бойы үздік нәтижелер көрсетеді.
Самал Қалиқызы