Қазір аллергиялық аурулар әлем бойынша ең өзекті мәселелердің біріне айналды. Әсіресе, өскелең ұрпақ арасында бұл сырқат жиілеп барады. Неліктен аллергия ерте жастан басталады? Дерттің алдын қалай алуға болады? Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.
Қазір әлемде әр бесінші адам аллергиядан зардап шегеді. Халықтың 10-30 пайызы бұл дертке шалдыққан. Көрсеткіш жыл сайын 15-20 пайызға артып келеді. Аллергия көбіне бала жасынан басталады. Мысалы, атопиялық дерматит нәрестелерде өмірінің алғашқы жылында пайда болуы мүмкін. Кейін бұл ауру бронхиалды астма мен аллергиялық ринитке ұласады.
Рауза Джекесова, Павлодар облыстық балалар ауруханасының дәрігері
Бұл аурулардың басты ерекшелігі – адамның жасына немесе тұратын жеріне байланысты емес. Яғни кез келген адамда пайда болуы мүмкін. Аллергиялық аурулар ұзақ уақытқа созылады. Соның бірі – бронхиалды астма. Бұл – бүкіл әлемде кең тараған созылмалы ауру. Қазір осы диагнозбен өмір сүретін адамдардың саны артты. Ауруды дер кезінде анықтап, дұрыс ем қабылдамаса, адам өміріне қауіп төнуі мүмкін.
Бронхиалды астма көбіне 3-6 жас аралығында пайда болады. Кей балаларда бұл дерт 6-14 жас аралығында анықталуы мүмкін. Бронхиалды астма – кең таралған созылмалы аурулардың бірі. Мәселен, Павлодар облысында 2024 жылдың соңында 2000-ға жуық балада демікпе тіркелген. Ал 2025 жылдың алғашқы төрт айында тағы 63 балада астма анықталды.
Рауза Джекесова, Павлодар облыстық балалар ауруханасының дәрігері,
Кей адамдарда аллергия көп нәрседен пайда болуы мүмкін. Мысалы, үй жануарлары, үй ішіндегі шаң, тіпті гүл тозаңы да себеп болады. Сондықтан ауруды ертерек анықтау маңызды. Сонда оның таралуын да ертерек тоқтатуға болады. Біздің өңірде көктемде, сәуір айынан бастап, ағаштар гүлдей бастайды. Үйеңкі, терек пен қайың ағашының тозаңдары жиі аллергия туғызады. Әр адам өзінің неге аллергиясы бар екенін тексертуі керек.
Жыл сайын мамыр айының алғашқы сейсенбісінде Бронхиалды астмамен күрес күні өткізіледі. Биыл Қазақстанда осы күнге орай арнайы челлендж ұйымдастырылды. Павлодар облысында бұл күн 25 маусымға жоспарланды.
Сабина Жолдаспаева