Павлодарда мемлекеттік қызметкерлер арасындағы «Үздік сапалы қызмет көрсетуші» республикалық конкурсының бірінші кезеңі өтті. Байқау – қызметкерлердің мәртебесін көтеру мен халыққа бағытталған сервисті дамыту мақсатында ұйымдастырылып отыр.
«Ең үздік сапалы қызмет көрсетуші» байқауы – тұтынушыға деген құрметті арттырып, қызмет көрсету саласында жаңа сапа стандарттарын қалыптастыруға бағытталады. Қатысушылардың бірі Даяна Айткенова «Клиентке бағдарланған қызмет көрсетуші» аталымында өз жобасын ұсынды.
Даяна Айткенова, Павлодар облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы
Жолаушылар көлігі басқармасында көптеген қызмет түрлері бар, өз жобамда соның бірнешеуін қарастырып отырмын. Мысалы, бірінші қызмет түрі, бұл шағын көлемдегі кеме куәлігін беру. Екіншіден, жолаушыларды тұрақты емес тасымалдауға лицензиялар беру және ауданаралық маршруттарда тасымалдаушылардың шығындарын субсидиялау сияқты мәселені қарастырдым. Жобамда мұндай қызмет түрлерін қалай алуға болатыны жөнінде түрлі кеңестер бар, жалпы байқаудан көп үміт күтемін.
Жалпы, конкурсқа қатысу үшін 23 өтінім түскен, оның ішінен тек 12-жоба қабылданды. Әділқазылар алқасы үміткерлерді кәсібилігі, сыпайылығы, тиімді коммуникация орната білуі және қызмет көрсету барысындағы жедел шешім қабылдау қабілеті арқылы да бағалады.
Самал Жарғақова, ҚР президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының павлодар облысы филиалының директоры
12 қатысушы, олар өздерінің осы күнге дейін дайындаған жобаларын көрсетуде. Жобалар әлеуметтік бағытқа бағдарланған. Яғни, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсарту. Жалпы ҚР мемлекеттік қызметті дамытудың 2029 жылғы тұжырымдамасында сервистілік, клиентке бағдарлану негізгі бағыт болып көрсетілген. Осы орайда конкурстың өзектілігі үлкен деп айтуға болады. Конкурстан үздік, бірінші орын алу маңызды емес. Ең маңыздысы қатысып, бұл конкурстың мәнін-мағынасын түсініп, жалпы өңірдегі қызмет көрсетудің дәрежесін белгілі бір сатыға, деңгейге көтеру.
Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін өңірлік байқауда үздік атанғандар, халықтық дауыс беру сатысына жолданады. Кейін осы екі іріктеудің қорытындысында жеңімпаз атанған қатысушы республикалық деңгейдегі додада өңір намысын қорғайтын болады.
Қымбат Садық