Облыста балалар жарақаты азаяр емес. Әсіресе, жол-көлік оқиғасы салдарынан шипа іздеп келетін бала саны күрт өскен. Өкінішке қарай, қайғылы аяқталған жағдайлар да бар.
Облыста балалар арасында жарақат алушылар саны күрт өскен. Мәселен, өткен жылдың сәйкес кезеңінде жол апаты салдарынан 203 бала ем алса, биыл 265 бала түрлі жарақаттармен ауруханаға түскен. Өкінішке қарай, қайғылы оқиғалар да орын алды. Жол-көлік оқиғасы салдарынан мотоцикл тізгіндеген оқушы оқиға орнында көз жұмған.
Соңғы жылдары ел бойынша жалға берілетін электрлі самокаттар көбейіп, оған деген сұраныс артқан. Тиімді, әрі қолжетімді көлік құралының пайда болуымен, жол-көлік оқиғалары да орын алуда. Мәселен, жыл басынан бері елімізде 100 жуық мопед апаты тіркелген. Десе де жолдың бойымен самокат немесе мопед тізгіндеп келе жатқан балаларды да көзіміз жиі шалады. Самокатқа қатысты заң жобасы қабылданып, шектеулер қойылғанымен тұрғындардың оны ескеріп жатқаны шамалы. Дәрігерлердің айтуынша, биыл облыс бойынша жол апаты салдарынан жарақат алған бала саны да күрт өскен. Көп жағдайда бала велосипед, мопед немес самокат тізгіндегені анықталды, дейді мамандар.
Нейрохирург дәрігер жазатайым оқиғалардың орын алуына - ата-ананың бейқамдығы себеп дейді. Сондықтан жолда жүру ережелеріне сүйеніп, баланың қауіпсіздігіне баса назар аударуға шақырады.
Дәрігерлердің айтуынша, аурухана күнделікті қабылдайтын науқастар саны артқан. Егер өткен жылы орта есеппен 2-3 бала жеткізілсе, қазір ауруханаға күніне 5-6 бала шипа іздеп келеді.
Ақмаржан Қалымбек