Облыс орталығында ерекше күтімді қажет ететін жастарға арналған «Жұлдыз-Ай» шығармашылық фестивалі ұйымдастырылды. Шараға өңірдің әр ауданынан келген 23 жас талант қатысып, өз өнерлерін көпшілікке ұсынды. Олардың әрқайсысы қолдау мен қошеметке бөленді.
Фестивальді «Алтын Бата» қоғамдық қоры, облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының қолдауымен өткізді. Жоба мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жүзеге асты. Шараның мақсаты ерекше жандарға қолдау көрсетіп, олардың шығармашылық қабілетін дамытуға мүмкіндік беру.
Дулат Әбетжанов, Павлодар облыстық қоғамдық кеңес мүшесі
Біз өте қуаныштымыз. Жыл сайын шамамыз келгенше, демеушілікке және қолдауға дайынбыз әрқашан. Мемлекет тарапынан да ерекше жандарға ақшалай болсын, емделуге қатысты болсын жағдайларын жасап жатыр. Осы дүниеге әкелген ата-аналарға осы күнге дейін балаларын ерекше бағып, өсіріп отырған, қанша күш жігерлерін жұмсағандарына алғыс айту керек. Алдағы уақытта бәрі жақсы болады деп ойлаймын.
«Жұлдыз-Ай» фестивалі дәстүрлі түрде жыл сайын өтеді. Әрдайым шығармашылық бағыттар кеңейіп, балалар мен жасөспірімдердің өздерін еркін көрсетуіне мүмкіндік жасалады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шара олардың өмірге деген құлшынысын арттырып, сенім береді.
Евгения Стельвага, Павлодар облысы «Алтын бата» ҚҚ директоры
Бүгін сахнаға би билейтін, ән айтатын керемет балалар шықты. Биыл алғаш рет есту қабілеті төмен тәрбиеленушілер де қатысып отыр. Олар да өз өнерлерін дайындап келді. Бұл – мамандарымыздың еңбегінің нәтижесі. Балалар осындай фестивальдерге қуанышпен қатысып, жаңа достар табуға мүмкіндік алады. Ең бастысы – олар төрт қабырғада отырмай, қоғамның бір бөлігі екенін сезінеді. Достарының қолдауын көру – олар үшін өте маңызды.
Бағдарлама үш бағыт бойынша өтті. Қатысушылар ән шырқап, би биледі. Өлең және әдеби шығармалар орындады. Әр жас өз дарынын көрсетіп, көрерменнің ықыласына бөленді. Олардың қатарында Успен ауданынан келген жас талант өзінің жазған «Желтоқсан» атты өлеңін оқыды. Шығармашылықпен айналысып, әрқашан жаңа туындылар жазады.
Есмұхан Асқаров, қатысушы
Жақсы деңгейде өтеді деген үміттемін. Өткен жолы да жақсы деңгейде өткен. Осыған дейін де өлең оқыған едім. Осы жолы да өлеңімді тарту етер ойым бар. Өте жақсы шаралар бұл. Жақсы ұйымдастырылған. Мүмкіндіктер көп беріледі. Өзінің өнеріңді көрсетуге өте жақсы. Маған бұл ұнайды, себебі өлеңдеріммен бөлісуге мүмкіндік аламын.
Фестиваль соңында барлық қатысушыларға дипломдар мен сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ ойын-сауық орталығынан 20 мың теңгелік сертификат берілді. Шара жастарға шабыт пен қуаныш сыйлады.
Сабина Жолдаспаева