Орман шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі елімізде қазан айының үшінші жексенбісінде аталып өтеді. Атаулы күнге орай, «Ертіс орманы» мемлекеттік табиғи резерватына 34 жаңа өрт сөндіру техникасы табысталды. Заманауи көліктердің кілттерін ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев салтанатты түрде тапсырды.

Жаңа көліктің әрқайсысы 3 тонна су тасымалдай алады. Көлік пен дөңгелектері қызып кетпеуі үшін автоматты суыту жүйелері орнатылған. Бұған дейін өрт кезінде көліктердің дөңгелектері қатты қызып, қауіп төндіретін жағдайлар болған. Енді бұл мәселе арнайы қорғау жүйесі арқылы шешілді. Министрдің сөзінше, мұндай техника өрт қаупі жоғары өңірлерде толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ерлан Нысанбаев, ҚР экология және табиғи ресурстар министрі

2023 жылдан бері қарай жалпы саны 2000-ға жуық осындай техника беріледі. Одан тыс, біз 1800 дана әртүрлі инструменттері бар 3 жылдың ішінде алып береміз. Бұның өзі бүгін 11 өңірде толығымен нормативпен сәйкес қажеттілікті жабады. Бұл жұмыстар жалғасады. Өздеріңіз білесіздер, өрт қаупі жоғары өңірлерде біз орманды тез анықтайтын жүйені қондырып жатырмыз.

Техникалар орман жағдайына бейімделген. Қозғалыс үстінде өрт сөндіруге мүмкіндік береді. Бұл мамандардың жұмысын айтарлықтай жеңілдетеді. Сондай-ақ көліктер қуатты су сорғыларымен жабдықталған.

Жаңбырбай Тілеубердін, «Ертіс орманы» мемлекеттік табиғи резерваты «Бәйімбет» орманшылығының қызметкері

Қазір көліктерді беріп жатқан үкіметке рахмет. Заманауи жаңа техника беріп жатыр. Ішінде барлығы бар. Ризамыз. Енді бұл орманды өзіміз кейінгі ұрпаққа тапсыруымызға міндеттенеміз. Орманды қорғауымыз керек. Болашағымызға осы орман керек.

Жыл соңына дейін басқа да орман шаруашылықтарына жаңа өрт сөндіру көліктері беру жоспарланды. Жаңа техникамен орман қорғаушыларына енді қиын бағыттар да қолжетімді. Шара барысында «Ертіс орманы» резерватының үздік қызметкерлері медальмен және алғыс хаттармен марапатталды.

Сабина Жолдаспаева