Павлодарда жол қозғалыс ережелерін бұзу деректерін тіркеу құралдары дамымаған. Біздің аймақ республика бойынша 20 өңірдің ішінде 19-шы болып тұр. Сол үшін әкімдікте жолдағы және қоғамдық қауіпсіздікті бақылайтын цифрлық жоба енгізу мәселесі қаралды.
Аймақтағы жол-көлік оқиғаларының басты себебі - жылдамдықты шамадан тыс арттыру. Өкінішке қарай, апаттың 20 пайызында адамдар көз жұмып жатады. Мамандардың пікірінше, жол-көлік оқиғаларының санын азайту үшін жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерін тіркейтін автоматтандырылған жүйелерді енгізу қажет.
Елнұр Өтебаев, облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы:
Біз полиция департаментімен бірлесіп, облыстық маңызы бар жолдарда 50 автоматтандырылған камера қоюды жоспарлап отырмыз. Ал павлодар қаласында 2 мыңға жуық камера қою жоспарымыз бар. Бұл бейнебақылау құрылығысы 360 градусты көрсетіп тұрады. Бұдан бөлек қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тағы мың камера қоятын боламыз.
Жиын барысында бірнеше фирма өкілдері өздері әзірлеген цифрлық жобаларды жүзеге асыруға ниет білдірді.
Әсет Ахметов, «сергек» компаниясының өкілі:
«Сергек» камерасы бұл тек айыппұл жазатын құрал ғана емес. Бұл біріншіден адамдардың қауіпсіздігіне жұмыс істейтін бағдарлама. Қоғамдық қауіпсіздікті бақылап, адамдардың өміріне сақтайтын құрал деп айтсақ болады. Біз еліміздің 10 қаласында табысты еңбек етіп келеміз.
Жол қозғалысын бақылау полиция қызметінің жұмысын біршама жеңілдетпек. Павлодар, Ақсу және Екібастұз қалалары мен 10 аудандағы көше қиылыстарында барлығы 390 аппараттық-бағдарламалық кешен мен 6500-ден астам бейнебақылау камераларын орнату жоспарланып отыр.
Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі:
Адамдардың қауіпсіздігі үшін бізге камералар өте қажет. Бейнебақылау жүйесінің ең басты міндеті - айыппұлдар арқылы табыс табу емес. IT-шешімдер халықтың қауіпсіздігін, жол-көлік оқиғаларының санын азайту және қылмыс деңгейін төмендетуді қамтамасыз етуі тиіс. Бұл жобаны іске асырудан тек әлеуметтік-экономикалық нәтиже ғана емес, оның артында құтқарылған өмірлер тұруы тиіс.
Аймақ басшысы басқарма басшыларына бұл жобаларды іріктеп, егжей-тегжейлі сараптау керектігін тапсырды.