1 шілдеден бастап елде 15 наурыздағы жалпыұлттық референдумда қабылданған жаңа Конституция күшіне енді. Бұл құжат мемлекеттік басқару жүйесіндегі өзгерістерді бекітумен қатар азаматтардың құқықтары мен бостандығын қорғауды күшейтуге бағытталған. Бұған қоса, «Қоғамдық бірлестіктер туралы» Заңға да өзгерістер енгізілді.
Қазақстан халқының бірлігін сақтау Конституцияның өзгермейтін негізгі қағидасы болып қала бермек. Осыған байланысты елімізде жоғары конституциялық мәртебе мен заң жобаларын ұсыну құқығына ие «Халық кеңесі» консультативтік органының құрылуы заңмен бекітілген. Түрлі этномәдени бірлестік мүшелерінің айтуынша, бұл кеңес өз қызметінде Қазақстан халқы Ассамблеясының жылдар бойы жинаған бай тәжірибесіне сүйенетін болады.
Людмила Пак, облыстық «Somang» кәрістер қауымдастығының төрағасы
«Президент атап өткендей, бұл жаңа заңның күшіне енуі Қазақстан халқы Ассамблеясы жинақтаған тәжірибені ешбір жағдайда жоққа шығармайды. Керісінше, оның барлық функциясы жалғасып, ауқымы кеңейе түспек. Сондықтан қазір этномәдени бірлестіктер бұл өзгерістің іс жүзінде күшіне енуін асыға күтіп отыр. Себебі заңнамалық негіздің нығаюы олардың қоғамдық қызметіне жаңа серпін береді деп күтілуде.»
Этномәдени орталықтардың мүшелері жаңартылған Ата Заң мемлекеттік құрылымды, ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық келісімді бекемдей түседі деп сенеді. Сонымен қатар, құжатта көрсетілген негізгі құндылықтарды жүзеге асыратын қозғаушы күш ретінде жастарға үлкен үміт артылған.
Людмила Пак, облыстық «Somang» кәрістер қауымдастығының төрағасы
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «қазақ мемлекеттігінің «ғимаратына» күрделі жөндеу жүргізуді көздеп отырмыз» деген. Мұны өте орынды метафора деп білемін. Өйткені іргетас нығайғанда, бүкіл ғимарат беки түседі. Бұл өзгерістер – тұрақтылығымыз бен ертеңгі күнге деген нық сеніміміздің кепілі. Этномәдени орталық төрағасы әрі жастармен жұмыс істейтін маман ретінде айтарым: жаңа Ата Заңның қағидаттарын жүзеге асыратын – жас буын. Қуатты жаңа Қазақстанды өркендету үшін бәріміздің бір-бірімізді құрметтеп, ауызбіршілікті сақтауымыз қажет. Себебі ешқандай Конституция өздігінен жұмыс істемейді. Оның принциптері мен құндылықтары адамдардың нақты іс-әрекетіне айналғанда ғана ол нәтиже бере бастайды. Сондықтан жастардың осы құндылықтарды ілгерілетуші басты күш болуы өте маңызды».
Этномәдени бірлестік өкілдерінің пікірінше, ендігі жерде заңнамада бекітілген нормалар мен құндылықтардың күнделікті өмірде көрініс табуы маңызды. Ата Заңдағы жаңа қағидаттардың нәтижелі болуы – әрбір азаматтың қоғамдық белсенділігі мен жеке жауапкершілігіне байланысты.
Жұлдыз Қабылденова