Тақырыпты жалғастырамыз. Достық үйінде облыстық Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Тұсаукесер» рәсімі өтті. Салтанатты шара Ұлттық домбыра күні мен Астана күні мерекелеріне орайластырылған. Толығырақ әріптесім баяндайды.
Аналар кеңесі ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып пен құндылықтарды дәріптеуге аса мән береді. Бұл жолы ұйым өкілдері өткен жылдың осы мереке күні дүние есігін ашқан балаларға арнайы құрмет көрсетті.
Бақытжамал Максилова, облыстық аналар кеңесі және «Нұр-ана әлемі» ҚБ төрағасы
«Ел жүрегі – Астана күні біз екінші меркені құттықтайық деп жатырмыз. Себебі былтырғы жылы 6 шілдеде домбыра күні болған. Біз больницаға барып, домбыра күнімен құттықтаған екі баламызды – Ақжүніс пен Мирон балаларымызды құттықтайық деп тұрмыз және тұсау кесу рәсімін осы жерде өткіземіз. Себебі осы балалар еліміздің ардақты да құрметті, ел мақтанатын азамат пен азаматша болады деге нниеттеміз. Балаларымыз бақытты болсын, ел аман, жұрт тыныш болсын, мереке құтты болсын!»
Шара барысында алдымен облыстық Аналар кеңесі мен «НҰР-АНА Әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақытжамал Максилова Ақжүніс Үмітбайқызының тұсауын кесіп, ақ тілегін жаудырды.
Бақытжамал Шаханқызы Ақжүністің анасына ақ орамал тағып, құрмет көрсетсе, бүлдіршіннің ата-анасы да өз кезегінде кәдесін ұсынды. Сонымен қатар шараға арнайы қатысқан «Буковина» румын-молдаван этномәдени бірлестігінің төрағасы Аурика Дяк балдырғанға велосипед сыйға тартты.
Үмітбай Дәуітбекұлы, Нұржібек Есболханқызы, ата-ана
«Біз бүгінгі туған күн иесі Ақжүніс Үмітбайқызы, міне, бойжеткеніміз 2025 жылдың осы күнінде дүниеге келген. Соған байланысты қос мерекені осы Достық үйінде аналармен бірге тойлайық деп осы шараны өткізіп жатырмыз. Барша атсалысқан қауымға, көпшілікке көп рақмет! Енді біз ойладық, домбыраны таңдай ма, әлде оқымысты бола ма деп кітапты қойғанбыз. Бірақ домбыраны таңдады домбыра күніне орай. Болашақты мықты күйші болсын, әнші болсын.»
Шара аясында Мирон Белоусовтың да тұсауы кесілді. Бұл жауапты әрі мәртебелі міндет облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченкоға жүктелді. Ол баланың қадамына ақ жол тілеп, сыйлық табыс етті. Сондай-ақ облыстық мәслихат атынан «НҰР-АНА Әлемі» қоғамдық бірлестігінің мүшелеріне 35 жылдық мерейтойға орай қос домбыра тарту етілді. Ал мерекелік шара қазақ дәстүрі бойынша ақ батамен қорытындыланды.
Жұлдыз Қабылденова