Ұлттық домбыра күні мен Астана күніне арналып Ақсу қалалық жағажайында да «Астанаға – арнау, домбыраға – тағзым» атты мерекелік шара ұйымдастырылды. Мерекелік кештің қызығын алдағы сюжеттен көрейік.

Мерекенің басты алаңдарының бірі – «Этноауыл» көрмесі. Мұнда қазақ халқының ұлттық тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрін танытатын жәдігерлер қойылды. Сондай-ақ Ақсу тарихи-өлкетану музейі қорынан «Дыбыстар тоғысы» атты ұлттық және әлем халықтарының музыкалық аспаптары көпшілік назарына ұсынылды.

Ұлттық құндылықтарды ұлықтаған шарада қазақтың бай салт-дәстүрі театрландырылған көріністер арқылы сахналанды. Көпшіліктің қызығушылығын тудырған көріністердің бірі – шілдехана мен «тыштырма» рәсімі. Осындай игі бастамаларды жүзеге асырып жүрген «Асыл мұра» қоғамдық бірлестігінің апалар ұжымы бірнеше жылдан бері жастарға тағылымды тәрбие беріп келеді.

Шәмшия Құсайынова, Ақсу қаласы «Асыл мұра» қоғамдық бірлестігінің төрағасы

Қаламызда осындай шаралар ай сайын өткізіледі. Біз соған белсенді қатысамыз апаларымыз. Бүгінгі біздің мақсатымыз салт-дәстүрімізді әрмен қарай жалғастыру. Жастарымызға үлгі көрсету. Ұмытылып қалған дүниені жаңғырту. Бүгін міне шілдехана тойын дайындап алып келдік. Апаларымыз тыштырма рәсімін көрсетіп жатыр. 

Мерекеге Ақсу қаласына қарасты ауылдық округтердің мәдениет қызметкерлері мен өнерпаздары да белсене қатысты. Әр ауыл ұлттық мұраны дәріптейтін көрмелерін ұсынып, көнеден жеткен тұрмыстық бұйымдарды жұртшылыққа таныстырды.

Бибігүл Нұрмұхамбетова, көрме ұйымдастырушысы 

Көрпе жастықтары бар, аяққап деген бар. Аяққап дегенді көбі біле бермейді. Біздің ауылдан тұрмыстық заттар әкелінді. Тоқыма сынды. Бұл жерде қазағымыздың ұлттық нақыштағы заттары көп. 

Шараның негізгі мақсаты – домбыраның қасиетін, оның тарихы мен рухани мәнін жас ұрпаққа насихаттау. Ұлттық өнерді дәріптеуге арналған көрмелер мен мәдени бағдарламалар халықтың төл мұрасына деген құрметін айшықтай түсті.

Сапаргүл Құмарберген, көрме ұйымдастырушысы 

Мәмәйіт омаров ауылы, еңбек ауылы, құркөл ауылы ұжым болып қазақи нақыштағы домбыра күнін атап өтудеміз. Баршаңызды мерекемен құттықтаймыз. 

Мереке аясында «Астанам – арайлым, домбырам – асыл мұрам» атты әдеби-сазды кеш ұйымдастырылып, кітап көрмесі мен «Дыбыстар тоғысы: домбырадан балалайкаға дейін» этно-музыкалық open-air фестивалі өтті. Сонымен қатар қолөнер шеберлерінің көрмесі ұлттық нақыштағы бұйымдармен толықты.

Күлән Қойлыбайқызы, бастауыш сынып мұғалімі 

Жасырын жүректерден сыр ұрлаған, жеткізген ғасырлардын үнін саған. Бабадан қалған асыл мұрамыз, бар байлықтан тұр ғой баған деп домбыраға осындай құн беріп жатқан құндылығымыз асқақтай берсін. Біз ақсу қаласынын Үштерек ауылының халықтық атамекен отбасылық ансамбліміз. Ансамблдің жетекшісі Бақыт мырза. 5 жасынан бастап домбыраны ұстаған. Содан бері қалдырмай ұстп келе жатыр. Отбасымызбен домбыраны жақсы көреміз. 

Домбыраның үні ұрпақтар сабақтастығының символына айналған. Бүгінде ұлттық аспапқа қызығушылық танытқан жастардың қатары артып келеді. Олар күйшілердің мұрасын меңгеріп, ұлттық өнерді жаңа буынға жалғап жүр.

Айша Истаева, 9-сынып оқушысы

Домбырада ойнаған маған өте ұнайды. Мен 4 сыныптан бастап домбыраға барып жүрмін. Бі осы мерекеде неше түрлі күй ойнаймыз. Мысалы адай, қолбасшы, ертұран және тағы басқа. 

Дильназ Нұрбаева, 8-сынып оқушысы

Жалпы біз өте көп күй білеміз. Маған домбыра өте ұнайды. Бала мишка білем және маған аққу, келеншек күйі ұнайды. 

Ұлттық домбыра күніне арналған мерекелік кеш халықтың рухани мұрасын ұлықтап, ата дәстүрдің өміршеңдігін тағы бір мәрте айқын көрсетті. Домбыраның күмбірі мен ұлттық салттың сәні тоғысқан тағылымды шара көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлап, жас ұрпақтың ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыра түсті.

Дильназ Қуанышбекқызы